blog Images

«Ауызбіршілік – алынбас қамал» атты ашық турнир өтті

«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай  Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен және Қажылар қауымдастығының Маңғыстау өңіріндегі филиалының қаржылай қолдауымен волейболдан «Ауызбіршілік – алынбас қамал» атты ашық турнир өтті.

Шара шымылдығын Маңғыстау облысы дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Шахзадаұлы, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, Қажылар қауымдастығының Маңғыстау филиалының төрағасы Қуанышбек қажы Спанұлы, Шахмардан Есенов университетінің Студенттік істер және қоғаммен байланыс жөніндегі вице-президенті Ержан Тайбағарұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Спорттық додаға Ақтау, Жаңөзен қалалары және Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарына қарасты мешіттердің дін қызметкерлері мен жамағаттарынан құралған барлығы 10 команда қатысып, бақ сынады.

Турнир қорытындысы бойынша Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің командасы жеңімпаз атанса, ІІ орын Ақтау қаласындағы «Ержан Хазірет» мешітінің командасына, ал ІІІ орын Жаңаөзен қаласы орталық «Әбіш қожа» мешітінің командасына бұйырды.