«Аталар мектебінің» кезекті семинары өтті
«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бұқара халыққа және жастарға ақыл-кеңес айтатын «Аталар мектебінің» кезекті семинары өтті.
Ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі болған қазыналы қариялар бас қосқан жиынға Маңғыстау ауданына қарасты ақсақалдар алқасының мүшелері қатысты. Семинарда арнайы алғы сөзді алған Маңғыстау ауданының бас имамы Дархан Жаңабайұлы ақсақалдардың қоғамдағы мәртебесі жөнінде сөз қозғап, аталар институтының орны айрықша екендігін тілге тиек етті.
Берекелі шараға ауылымыздың беделді ақсақалдарымыз Сегізбай Әнес, Жұбауов Мырзабек, Байпақов Шаймұрза Әзибек Бақтыбаев арнайы қатысып, қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған рухани шараны ұйымдастырушыларға өзінің алғысын білдірді. Сондай-ақ, рухани шарада ҚМДБ-ның өткен жылы атқарылған жұмыстары көрсетілді.
«Өнегелі ұрпақ тәрбиесі мен қоғам жастарына насихат айтып, қазыналы қария сөзімен елді ауызбіршілік пен тұтастыққа тәрбиелейтін аталар мектебі ізгі қоғамның игі бастамасы болары сөзсіз», — деп, Маңғыстау аудандық ақсақалдар алқасы бір ауыздан қолдау танытты.
Жиын барысында құрметті қонақтарға Шетпе мешіті атынан “Ихсан-рухани тәрбие негізі” атты кітап үлестірілді. Алдағы уақытта «Аталар мектебі» аясында рухани-тәрбиелік іс-шаралар жалғасын таппақ.