Ақтауда ҚМДБ атынан ауызашар берілді
Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан ауызашар дастарқаны жайылды.
Рухани шараға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Жаңбырұлы, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, Қажылар қауымдастығының Маңғыстау филиалының төрағасы Қуанышбек қажы Спанұлы, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, мүмкіндігі шектеулі жандар, дін қызметкерлері, дәрігерлер, ұстаздар, мәдениет және спорт саласының өкілдері қатысты.
Алғы сөзді алған Қанат Жаңбырұлы Маңғыстау облысының әкімі жиналған қауымға Нұрлан Асқарұлының ыстық сәлемі мен Рамазан айымен құттықтауын жеткізіп, ел бірлігінің, ынтымағы мен татулығының маңыздылығын атап өтті.
Халықты ізгілікке үндейтін Жарапазан жыры орындалғаннан кейін наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы «Рамазан – тақуалық айы» тақырыбында тұщымды уағыз-насихат айтып, оразаның қадір-қасиетін баяндады.
Зиялы қауым өкілдері мен асыл дінімізді қабылдаған азаматтардың ақжарма тілектерінен кейін, облыс бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы қонақтарды Рамазан айымен құттықтап, рухани кешті қорытындылады.