Ақтауда футболдан ашық турнир басталды
«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің ұйытқы болуымен өңірімізге қарасты мешіттердің дін қызметкерлері мен жамағаты арасында футболдан ашық турнир басталды.
Доп додасының ашылу салтанатына ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Юнус Қадырқұлұлы және Ақтау қаласының бас имамы Құрманбек Лашкарбекұлы қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
«Бүгін Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында сіздердің араларыңызда тұрғаныма қуаныштымын. Ислам діні салауатты өмір салтын жақтайды. Барлық жағынан мықты, қуатты мұсылман әлсіз, қуатсыз мұсылманнан артық. Асыл дініміз адамның ой-санасы таза, тәні күшті, дені сау болғанын насихаттайды. Қазақ халқы бұл туралы «Тәні саудың жаны сау» деп, жастарды спортпен айналысуға шақырған. Шейх Али әт-Тантауи спорт туралы ойын былай жеткізеді: «Уа, жастар! Дене шынығумен айналысуларың қажет. Өйткені, ол – қуат. Дене қуаты, ой ұшқырлығы, иман қуаты ер жігіттің көркемдігі. Спорт нәпсінің құлдығынан сақтайтын ең жақсы жол. Спорт – Алланың қойған парыздары мен білім үйренуден кейінгі ең абзал әрекет. Егер спорт харам нәрселермен байланыспаған болса, ол жастарға ең жарасымды уақыт өткізу шарасы болып табылады», деді наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы.
Наиб мүфти сондай-ақ, мешіт пен жамағаттың бір болуын, ауызбіршілікті сақтаудың бүгінгі кезде аса маңызды екенін айтып өтті.
Бұдан кейін сөз алған Ақтау қаласының бас имамы Құрбанбек Лашкарбекұлы мүфтият өкіліне алғыс айтып, мұндай жарыстардың мешіттің ұйымдастыруымен тұрақты түрде өткізілетінін айтты.
Жарысқа мешіт қызметкерлері мен жамағат өкілдерінен құралған 21 команда қатысуда.
Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі