Ақшұқыр мешітінің кітапхана бұрышы жаңа діни әдебиеттермен толықты
Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылдық мешітінің кітапхана бұрышы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «MUFTYAT» баспасынан шыққан жаңа діни әдебиеттермен толықты.
Білім – екі дүние бақытының кілті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте» деген қанатты сөзі бұл игі бастаманың маңызын айқындай түседі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2025 жылға арналған негізгі төрт бағыттың бірі – «Діни оқу-ағарту» бағыты аясында діни сараптау кеңесінен өткен мазмұнды кітаптар өңір мешіттерінің кітапханалары мен кітап бұрыштарына орналастырылуда.
Аталған игі шара аясында Ақшұқыр мешітінің кітапхана бұрышы 250 дана жаңа кітаппен толықтырылды. Кітаптар арасында сенім, ахлақ, құлшылық және рухани тәрбие тақырыптарын қамтитын түрлі діни еңбектер бар.
Жаңа әдебиеттер жамағатқа таныстырылып, намаздан кейін және бос уақытта оқуға мүмкіндік берілетіні айтылды. Мешіт ұстаздары жамағатты бос уақытын тиімді өткізіп, пайдалы кітаптар оқу арқылы діни білімін арттыруға шақырды.






