Ақшұқыр мешітінде «Имани жаз-2026»діни сауат ашу курсы аяқталды
Ақшұқыр ауылдық мешітінде «Имани жаз – 2026» жазғы діни сауат ашу курсы өз мәресіне жетті.
Жазғы діни сауат ашу курсы 2ай бойы жалғасып, игі шара барысында 3 лек бойынша шәкірттер қабылданып, жалпы 180 бала қамтылды.
Курс аясында шәкірттер Құран әліппесін оқып үйреніп, хадис, ислам әдебі, намаз оқудың тәртібі сияқты маңызды діни білімдерді меңгерді.
Пайғамбарымыз ﷺ: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің» деген (әл-Бұхари). Бұл игі бастама жас буынның рухани тәрбиесіне өз үлесін қосты.
Рухани сабақтармен қатар балалардың достығы мен белсенділігін арттыру мақсатында футбол, үстел теннисі, эстафеталық жарыс және садақ ату сынды спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Игі шара барысында тәрбиелік мәні зор рухани қойылымдар көрсетіліп, пайдалы насихаттар айтылды. Сондай-ақ курс барысында белсенділік танытып, спорттық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен шәкірттер арнайы марапатталды.
Алла Тағала осы игі істің берекесін арттырып, білім алған барлық шәкірттерге алған ілімдерін өмірлерінде кәдеге жаратып, елге, дінге қызмет ететін саналы ұрпақ болуды нәсіп етсін!
