blog Images

Ақшұқыр ауылдық мешітінде әйел жамағатына арналған танымдық сабақ өтті

Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылдық мешітінде әйел жамағатына арналған мәйітті жуындыру және кебіндеу рәсімдерімен таныстыру сабағы өтті.

Сабақты мешіт ұстазы Турдыбаева Рабия жүргізіп, жиналған әйел жамағатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі бекіткен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабының мазмұны бойынша қысқаша шолу жасады. Ұстаз мәйітті жуындыру мен кебіндеу рәсімдерінің әр кезеңіне жеке-жеке тоқталып, оның орындалу тәртібін іс жүзінде көрсетті.

Сабақ барысында адамға ажал сәті таяғанда иманын үйіріп, кәлима сөздерін айтып отырудың маңызы, мәйітті жуындыру кезінде сақтық шараларын сақтау, мәйіттің әурет жеріне қарамау, ер адамды ер, әйел адамды әйел адамның, мүмкін болса, жақын туыстарының жуындыруы керектігі түсіндірілді. Сондай-ақ мәйітті кебіндеу, жерлеу рәсімдерінің реттілігі мен жаназа намазының тәртібі егжей-тегжейлі баяндалды.

Дәріс барысында діни жоралғылардың дәстүрмен сабақтастығы туралы да айтылып, қатысушыларға практикалық маңызы зор мәліметтер берілді.

Танымдық сабаққа қатысқан әйелдер дәптерлеріне мұқият жазып, тақырып аясында қосымша сұрақтар қойып, өздеріне қажетті пайдалы ақпарат алды.