blog Images

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Маңғыстау имамдарымен кездесті

Бүгін Ақтау қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Қыдырәлі Дархан Қуандықұлының өңіріміздің дін қызметкерлерімен кездесуі өтті.

Дөңгелек үстел басында өткен кездесуге Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, Ақтау, Жаңөзен қалалары және Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарына қарасты мешіттердің имамдары, жергілікті ақсақалдар қатысты.

Шараны ашып, модератор болып жүргізген Ершат Ағыбайұлы дін қызметкерлеріне ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, сөз кезегін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мырзаға берді.

Дархан Қуандықұлы Маңғыстау жері ықылым замандардан құпия сырымен таңғалдырып, тамсантып келе жетқан киелі өлке екендігін атап өтіп, жергілікті имамдар мен ұстаздардың халықтың діни сауатын арттыру, дәстүрімізге жат деструктивті діни ағымдардың алдын алу және өзге де қызметтерін жоғары бағалады.

Өз кезегінде Әнуар қажы Ізімбайұлы діни ахуал туралы баяндап, облысымызда 40 мешіт жұмыс істеп тұрғанын, алдағы уақытта тағы 3 құлшылық үйінің құрылысы аяқталатыны туралы айтып берді.

Сондай-ақ, кездесу барысында дін қызметкерлері министрге сұрақтар қойып, оған дәлелді де тұщымды жауаптар алды.