blog Images

«Алақай, Айт келді!»: Жаңаөзенде балаларға ерекше мерекелік шара өтті

Қасиетті Ораза айт мерекесіне орай Жаңаөзен қаласындағы Әбіш қожа мешітінде «Алақай, айт келді!» ұранымен ауқымды мерекелік іс-шара өтті.

Дін мен дәстүрді сабақтастырған бұл күн қала тұрғындары мен бүлдіршіндер үшін қуанышқа толы сәттер сыйлады.
Мереке аясында мешіт ауласына арнайы батуттар құрылып, балалардың мәре-сәре ойнауына жағдай жасалды. Ұйымдастырушылар кішкентай қонақтарға 700-ден астам балмұздақ таратып, тәтті сыйлықтармен қуантты. Бұл бастама мерекелік көңіл-күйді еселей түсті.
Айттың сәнін келтіру мақсатында арнайы шарлармен және тәттілермен безендірілген көліктер Жаңаөзен қаласын толықтай аралап шықты. Көлік шеруі арқылы қала тұрғындарына мерекелік құттықтаулар жеткізіліп, ізгі лебіздер білдірілді.
Дін мен дәстүр сабақтастығы
Мерекелік бағдарлама барысында тек ойын-сауық қана емес, танымдық сайыстар да ұйымдастырылды. «Дін мен дәстүр» аясында өткен сұрақ-жауап сайысында жасөспірімдер өз білімдерін сынап, белсенді қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Айт – бұл мейірім мен кешірімнің, бірлік пен қуаныштың мерекесі. Біздің мақсатымыз – өскелең ұрпақтың санасына асыл дініміз бен төл дәстүрімізді сіңіру, оларға мерекелік рух сыйлау», – дейді ұйымдастырушылар.
Осындай игі шаралар халықтың ауызбіршілігін арттырып, ұлттық құндылықтардың дәріптелуіне зор үлес қосады.