Әйел-қыздар секторы:“Дін мен дәстүр-егіз”атты шара өтті
«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінде Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мерекесіне арналған “Дін мен дәстүр-егіз” атты шара өтті.
Мереке күні ұйымдастырылған шараға әйел жамағаты, әжелер, қыз-келіншектер мен кішкентай шәкірттер қатысты. Шара барысында қатысушылар ұмыт болған қазақы дәстүрлер мен ұлттық тағамдар бойынша қоржыннан асық суырып, ондағы сұрақтарға жауап берді. Жауаптың дұрыс-бұрыстығын ұстаз Ақмарал Қазиева толықтырып, жеңімпаз жандарға сыйлықтар берілді. Содан соң, әжелер Наурыз көженің құрамы мен дайындалу тәсілдерімен таныстырды.
Шараның мақсаты- дін мен дәстүрді сабақтастыру, жастарға ұлттық құндылықтардың мән-маңызын түсіндіру және Наурыз мейрамын насихаттау. Мұндай шаралар мешітімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады,-дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің ұстазы Ақмарал Қазиева.
Сондай-ақ, аналар баланы бесікке салу дәстүрінен көрініс көрсетіп, бесік жырын айтты. Әжелер ұршық иіріп, ескі дәстүрді еске салды. Жас шәкірттер қазақтың ұлттық ойыны-асық атса, қыздар жағы жүн түтуден және тоғызқұмалақ ойнап жарысты. Шара соңында барлық қатысушыларға тәтті сыйлықтар таратылды.