blog Images

«Ел үлесі – пәтерге»: 661-ші баспана өз иесін тапты

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясындағы кезекті баспана кілті Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұщыбек ауылының тұрғыны Бақытжан Нұрсайынұлының отбасына табысталды.

Игі шараға Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, батагөй ақсақал Шаймұрза Жаңайұлы, аудан бас имамы Құралбай Амалбайұлы, дін қызметкерлері, елді мекен ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

Еске салайық, ағымдағы жылдың 1 сәуірі күні орын алған өрт салдарынан көпбалалы (6 баласы бар) отбасы үйсіз қалған болатын. Қалың елдің және жергілікті мекемелердің қолдауымен Бақытжан Нұрсайынұлының жанұясы жаңа шаңыраққа ие болды. Бұдан бөлек, аудандық мешіт атынан жаңа кір жуғыш машина сыйға берілді.