«30 күнде 30 баспана»: Мешіт тазалықшысына үй берілді
ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен «30 күнде 30 баспана» республикалық акциясы аясындағы кезекті баспананың кілті Қарақия аудандық орталық мешітінің тазалықшысы, жалғызбасты ана Әбуова Айгүл Оңалбайқызына табысталды.
Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай ұйымдастырылған игі шараға «Зекет және қайырымдылық» қорының Маңғыстау облысы бойынша жауапты өкілі Іздібай Бегенұлы, Қарақия аудандық мешітінің бас имамы Руслан Сержанұлы және елді мекен ақсақалдары қатысты.
Ораза айында бұйырған жаңа шаңырақтың босағасын аттаған қонақтар Айгүл Оңалбайқызын құттықтап, қариялар ақ батасын берді. Ауыл тұрғыны Азат Атаниязов осы үйдің көрімдігі ретінде жаңа желдеткіш орнатып беретін болды.
Күтпеген жерден баспаналы болған жалғызбасты ана қуаныштан көз жасын тия алмай, Аллаға шүкірлік айтып, осы қайырымдылыққа үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.