Мақалалар

Зул-Хижжа айының алғашқы он күні

Аллаһ Тағала басқа үмбеттерге қарағанда Мұхаммед үмбетінің өмір сүру уақытын қысқа қылған, бірақ, бұған қарамастан, мұсылмандарға барынша көп сауап жасау мүмкіндігін беріп қойған. Осы мүмкіндіктердің бірі де бірігейі – Зул-Хижжа айының алғашқы он күні.

Зул-Хижжа сөзін араб тілінен «қажылық айы» деп аударылады. Зул-Хижжа айы, қамари айлардың он екіншісі және харам (қасиетті) айларының екіншісі (Зул-Қағда, Зул-Хижжа, Мухаррам және Ражаб айлары). Ішінде қажылық амалдары, арафа күні/оразасы, құрбан айт және ташриқ күндері болғандықтан бұл ай қасиетті айлардан саналады.

Зул-Хижжа айының сегізінші күніне «يَوْمُ التَّرْوِيَة», тоғызыншы күніне «يَوْمُ الْعَرَفَة», оныншы күніне «يَوْمُ النَّحْر» яғни Құрбан айт күні және он бір, он екі және он үшінші күндеріне «أَيَّامُ التَّشْرِيق» күндері деп аталады. Ташриқ күндері деп аталуының себебі, бұл күндері тәкбір-ташриқ айтылады.

Тәкбір-ташриқ, Зул-Хижжа айының тоғызы, яғни арафа күні таң намазынан басталып он үшінші күнінің, яғни Құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін (жалпы 23 рет) айтылады. Бұл тәкбір-ташриқ, жамағатпен және жеке намаз оқығандарға, жолаушыға, жолаушы еместерге, ер-әйелдерге міндет және әр парыз намазының сәлемінің артынша жасалынады.

Тәкбір-ташриқ:

الله أكبر الله أكبر لا إله إلا الله والله أكبر الله أكبر ولله الحمد

Дұғаның оқылуы: «Аллааһу әкбар, Аллааһу әкбар, ләә иләәһә иллаллааһу уаллааһу әкбар, Аллааһу әкбар уа лиллааһил-хамд».

Мағынасы: «Алла ұлы (2 рет), Алладан басқа тәңір жоқ! Алла ұлы (2 рет), Барлық мадақтар мен мақтаулар тек Аллаға ғана тән».

Зул-Хижжа айының алғашқы он күні жайлы Құран Кәрімнің «Фәжр» сүресінің 2-ші аятында:

«және (қасиетті) он түнге серт» деп айтылады.

Ибн Аббас (АллаҺ одан разы болсын) бұл аятта Зул-Хижжа айының алғашқы он күні туралы айтылады дейді. (Имам ар-Разий, «Мафатихул-Ғайб». Имам Ибну Касирдің тәпсірінде).

Бұдан бөлек, «Хаж сүресінің» 28-ші аятындағы:

«белгілі күндерде Алланың есімін зікір етіңдер» деген аяттағы «белгілі күндер» де Зул-Хижжа айының алғашқы он күні дейді Ибн Аббас (Аллаһ одан разы болсын). (Ибн Касирдің тәпсірінде келеді).

Сондай-ақ, тәпсірші ғалымдар «Ағраф» сүресінің 142-ші аятындағы:

«Мұсамен отыз түндік мерзімге келісіп, кейін оған тағы да он түн қосқан едік».

деген сөздер Зул-Хижжа айының алғашқы он күні туралы айтылған дейді. Осы он түнде Мұса (әлайһис-салам) Аллаһ Тағаламен сөйлескен, Аллаға арнап құлшылық қылған және Аллаһ Тағала Мұсаға (әлайһис-салам) парақшалар түсірген дейді («Ағлә» сүресі, 19-шы аят). (Имам Самарқандий, «Танбиһул-Ғафилин»).

Ал Пайғамбарымыздың (саллаллаһу әләйһи уә сәлләм) хадисінде бұл күндер жайлы былай делінеді:

Пайғамбарымыз: «Алланың қасында осы он күнде жасалған амалдан жақсы сүйкімді амал жоқ» деп айтқанда, сахабалары: «Уа, Алланың Елшісі! Аллаһ жолында жасалған жиһаттандан ба?» деп сұрады. Сол кезде Пайғамбарымыз (саллаллаһу әләйһи уә сәлләм) былай деді: «Ия, Аллаһ жолында жасалған жиһаттан да артық, бірақта малы және жанымен жиһад жасап, қайта оралмағаннан (яғни шәһид болғаннан) басқа» (Имам Бухари).

Әбу Қатада (Аллаһ одан разы болсын) былай деді: Аллаһ Елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Арафа күні ораза ұстаудың артықшылығы жайлы сұралғанда: «Өткен және келер жылдың күнәларының каффараты болады» – деп айтты. (Имам Муслим)

Айша анамыздан (Аллаһ одан разы болсын) жеткен хадисте: Аллаһ Елшісі (саллаллаһу әләйһи уә сәлләм) былай деді: «Аллаһ Тағала құлдарын тозақ отынан ең көп азат ететін күні – Арафа күні» (Имам Муслим).

Бұл күндердің абзал болуының хикметі.

Имам Ибну Хажар әл-Асқаланий (Аллаһ одан разы болсын) «Фатхул-Барий» кітабында былай дейді: «Зул-Хижжа айының алғашқы он күнінің абзал болуының себебі қажылық құлшылығының жасалуында. Сонымен қатар Арафа күні, Құрбан айт мейрамы және айт намазының оқылуында».

Бұл күндері қандай құлшылық жасалынады.

Бұл он күнді Рамазан айының соңғы он күні сияқты құлшылыққа толы етіп, өткізген абзал. Яғни таһәджуд намазы, нәпіл ораза, Құран оқу, тәспі тарту, истиғфар ету және Құрбан шалу сияқты. Жоғарыдағы хадисте айтылғандай, бұл күндері жасалған әрбір ғибадат Аллаға ең сүйкімді ғибадат болады.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу әләйһи уә сәлләм) былай дейді: «Аллаһтың алдында зүл-хиджаның алғашқы 10 күнінде жасалған ғибадаттардан асатын ізгілік жоқ. Бұл күндері тәсбихті (Субханаллаһ), тахмидті (әлхамдулиллаһ), таһлилді (Лә иләһә илләллаһ) және тәкбірді (Аллаһу әкбар) көп айтыңдар! деп айтылған» (Абд бин Хумайд, Муснәд).

Кейбір діни кітаптарымызда келтірілген мәліметтерге сүйенсек, Зул-Хижжа айының алғашқы тоғыз күнін ораза ұстап өткізудің мустахаб екендігі және бұл күндердің түнінде намаз оқудың басқа күндерге қарағанда артықшылығы бар екендігі айтылады.

Марат Жарылқап,

Маңғыстау облыстық орталық

«Бекет ата» мешітінің ұстазы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close