Мақалалар

Жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

«Ихсан» екі түрлі болады. Біріншісі – Жаратушыны көріп тұрғандай, не болмаса, Оның сені көріп тұрғанын сезініп құлшылық етуің. Бұл Алла алдындағы міндеттерімізді шынайылықпен және толық орындауымызға мүмкіндік береді. Екінші түрі – барлық тіршілік атаулының құқықтарына қатысты қолданылады.

Біз барлық адамдардың құқықтарын толық сақтауымыз қажет: ата-анаға деген мейірімділік пен құрмет, туған-туысқа және өзге адамдарға деген ізгілік.

Алла Тағала былай дейді:

«Бір Аллаға құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар. Сондай-ақ жақын туыстарыңа, жетімдерге, кедей-кепшікке, жақын көршілеріңе, алыс көршілеріңе, (сапарлас немесе жақын) жолдастарыңа, (елінен жырақта жүрген) мұқтаж жолаушыға және қоластыларыңдағы құлдарың мен күңдеріңе жақсылық жасаңдар. Шүбәсіз, өзін әлдеқандай көретін мақтаншақты Алла жақсы көрмейді» («ан-Ниса» сүресі, 36 аят).

Осылайша Раббымыз бұл аятта аты аталған барлық адамдарға жақсы қарауымызды бұйырады. Пенделерге қатысты мейірімділіктің көрінісі де екі түрлі болатынын біліңіз. Алғашқысы міндетті болып табылып, өзге адамдарға қатысты әділеттілік және басқа да лайықты қатынасымыз. Екіншісі – абзал іс-әрекетке жатады және біріншісінен тыс нәрселерде, мысалы, басқаларды діни немесе дүниелік істерінде жақсылық әкелетін әрекетке бағыттау арқылы пайдалы болумен байланысты.

Шариғат мақұлдаған барлық нәрсені жасағанымыз үшін берілетін сый садақаның сауабына тең. Сол себепті адамдарға қуаныш әкелу, оларға ұнамсыз істерге жол бермеу – садақа һәм ізгі іс болып табылады.

Осылайша, ихсан дегеніміз – кез-келген тірі жанға пайдалы кез-келген іс-әрекетті жасау, оны жасаушылардың арасындағы айырмашылықтарға келетін болсақ, олар әрекеттің маңыздылық дәрежесімен, оның қаншалықты пайдалы болғанымен, оны жасаушы адамның сенім және шынайылық дәрежесімен және оны жасауға негіз болған себептерімен анықталады.

Бұл сипаттағы ихсанның ең көркем түріне – саған жасалған зұлымдықты жақсылықпен қайтарғаның жатады. Бұл туралы Құранда:

«Жақсылық пен жамандық бірдей болмайды. Сен жамандықтың қарымын (қолыңнан келген ең керемет) жақсылықпен қайтар. Сонда өзіңе қас дұшпан болған адамның жан досыңа айналғанын көресің. Алайда ондай кемелдікке (қиындықтарға мойымаған, нәпсі мен әзәзіл шайтанның уәсуәсіна қарсы тұру һәм Аллаға қалтқысыз мойынсұну мәселесінде) сабырлылық таныта білгендер ғана қол жеткізе алмақ. Сондай-ақ оған адами қасиеттер мен жақсылықтан нәсібі мол болған жандар ғана қол жеткізбек» («Фуссиләт» сүресі, 34-35 аяттар).

Бұл аяттардың мәнін терең меңгерген ата-бабамыз: «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деген тәмсіл қалдырған.

Пайғамбарлардың өмірлерінен біз жомарттық пен кешірімнің керемет үлгісін көре аламыз.

Жүсіп пайғамбар (ғ.с.) мен оның ағаларының тарихын еске түсірейік. Ағалары оған әділетсіздік жасап, қызғаныштан оның көзін құртуды шешіп, құлдыққа сатады. Көп жыл өткеннен кейін Жүсіп (ғ.с.) Мысыр елінде жоғары мәртебеге жеткен кезде, ағалары көмек сұрап келеді. Сол кезде Жүсіп (ғ.с.) пайғамбар өз бауырларын кешіріп, мәрттік танытады.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір жолында да жомарттықтың мысалдары жеткілікті. Пайғамбар (с.ғ.с.) Алланың дініне қарсы әрекет жасалғанда, адамдар Жаратушы тыйым салған нәрселерге бой алдырған кезде ғана ашуға берілген. Бірақ өзіне қарсы жасалған жамандықтар үшін ешқашан реніш танытпаған. Керісінше, ол сондай әрекетке барғандарды кешіріп, оларды ақтап алуды жақсы көргені белгілі.

Өкпе-реніш – бұл адамға тән табиғи сезімдер. Бізге қатысты әділетсіздік танытқан кісілерге ашулануымыз да табиғи нәрсе. Дегенмен, жоғарыда келтірілген бірқатар мысалдар жамандықты жақсылықпен, зұлымдықты ізгілікпен қайтару – мұсылманға тән лайықты әрекет екендігінің айқын дәлелі. Кімде кім осы жолды ұстанса үлкен игілікке жетері анық.

Алла бізді қоршаған адамдармен көркем мәміледе өмір сүруімізді нәсіп етсін. Әмин!

Мангалбай Шахабуддин,

«Оразмағанбет ахұн Тұрмағамбетұлы» мешітінің имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close