Мақалалар

Рамазан – сәулесі сөнбейтін Құран айы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Рамазан – рақым және шапағат айы. Рамазан – мейірім және кешірім айы. Рамазан – қайырымдылық пен ізгілік айы. Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Дегенмен, Рамазан ең алдымен сәулесі сөнбейтін Құран түскен ай. Бұл жөнінде қасиетті Құранда:

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» («Бақара» сүресі, 185 аят), деп келтіріледі.

Осы аяттан Хақ Тағаланың мүбәрак айдың дәрежесін көтеріп, оны өзге айлардан үстем етуінің бірден-бір себебі – Құран Кәрімнің осы айда түсуімен тікелей байланысты екенін көреміз.

Рамазан мен Құранның байланысы жайлы ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтқан:

«Қиямет күнінде Раббының алдында ораза мен Құран пенде үшін шапағатшы болады. Ораза келіп:

– Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйған едім. Енді мен оған шапағатшы болайын – дейді. Құран келіп:

– Раббым! Мен оны түндерде ұйқысынан айырдым. Сол үшін оған шапағат етейін – дейді. Алла ол екеуіне шапағат етулеріне рұқсат береді. Олар шапағат қылады».

Демек, бұл айда ғибадаттарымызды арттырып, оның әр түнін нәпіл құлшылықпен, күндізін ораза ұстау арқылы өткізетін болсақ сансыз сауаптарға кенелеріміз ақиқат.

Рамазан айының келуімен Құранға көп көңіл бөлу абзал амалдардан болып саналады. Бұл туралы әз-Зуһайр (р.а.): «Бұл шынымен де Құран оқу және азық-түлік садақаларын тарату айы», деген.

Сондай-ақ, бізден бұрын өткен ізгілердің бірқатары осы айда Алланың кітабын бірнеше қайталап оқып үлгеретін болған. Имам ән-Нәуәуи (р.а.): «Бір рәкәғатта толық Құранды оқып шыққандарға келетін болсақ, олардың саны өте көп болды. Олардың ішінде: Осман бин Аффан, Тамим ад-Дари, Саид бин Джубейр, Алла оларға разы болсын», деп айтқан.

Имам әз-Захаби (р.а.) болса, келесідей мәлімет айтады: «Расында, көптеген адамдар Әбу Бәкір бин Аяштың қырық жыл бойы күн сайын Құран оқуды аяқтағаны туралы риуаят еткен. Ол бұл дүниеден өткенде, әпкесі жылап жіберді. Оған: «Сізді не жылатты?», деген сұрақ қойылғанда, «Мына намазханаға қараңыз: шынында да, сіздің бауырыңыз ол жерде 18 мың рет Құран оқыды», деп жауап берген екен.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жыл сайын Рамазан айында Жәбірейл (а.с.) алдында Құранды толық оқып шығатын болған. Бұдан бөлек пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түнгі намаздарында ұзақ сүрелерді оқитын. Демек, бұл айдағы игі істердің ішінде Алла кітабын оқу, оның аяттарын тыңдау – берекелі амал саналып, еселенген сауапқа жеткізетін бірден-бір жол болып табылады.

Осы жерде бірнеше сұраққа жауап беріп көрейік. Құран Кәрімді соңғы рет қашан оқыдым? Сіз бен біз Құранды лайықты түрде оқи аламыз ба? Отбасымыз ше?

Өкінішке орай, қазіргі кезде Құран Кәрім сөреде тұратын «мұсылмандықтың» бейнесіне айналды. Кейбір адамдар бұл кітапта жазылған қағидалармен өмір сүру былай тұрсын, оның бетін де ашпайды.

Алла елшісі (с.ғ.с.) Құран оқудың маңыздылығы жайында: «Кімде-кім Құранның бір әрпін оқыса, оған бір жақсы амал жазылады, ал бір жақсы амал үшін он есе сауап беріледі, мен «Әлиф, Ләм, Мим» – бір әріп деп тұрған жоқпын, Әлиф – бір әріп, Ләм – бір әріп және Мим – бір әріп», деген.

Сондай-ақ пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қиямет күні Құран оны оқыған адамға шапағатшы болады дей келе: «Құранды оқыңдар, ақиқатында, Қиямет күні ол оны оқығандарға шапағатшы болады!», деп өсиет айтып кеткен.

Құранды оқи білу – мұсылман адам үшін үлкен игілік. Осыған орай, Рамазан секілді сансыз сауаптар жазылатын берекелі мезгілді Алла кітабын көптеп оқуға арнайық.

Хақ Тағала Құранды үйреніп, оқығысы келетін барша мүміндерге жеңілдік берсін. Алла Тағаладан жүректерімізді ақиқат үшін жарықтандыруды және бізге екі дүниеде игілігін нәсіп етуін сұраймыз. Әмин!

Жұмабай Қуандықұлы,

Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш қожа» мешітінің наиб имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close