Мақалалар

Ихсан, жүрек және құлшылық

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Ихсан ілімінің қайнар көздері – Құранда келтірілген ұстанымдар мен ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Құран мен сүннетті өміріміздің барлық саласында қолданып, бойымызда мұсылманның көркем келбетін қалыптастыру, аталмыш рухани-тәрбие жолындағы қажет болып табылатын алғашқы нәрсе.

Адал мен арамның ара-жігіне мұқият болу, күмәнді нәрселерден аулақ болу, міндеттерімізді лайықты түрде орындау, нәпсімізді жеңу арқылы Аллаға жақындау – осының бәрі жүректеріміздің рухани дамуы үшін қажет. Осы тұста адал аспен қоректену өте маңызды.

Бұл туралы Құранда былай деп айтылады:

«Ендеше, уа, адамдар! (Алла сендер үшін жер бетін тіршілікке жайлы тұрақ етті, олай болса) жердегі барлық нығметтердің адал, тазасынан (әрі денсаулыққа пайдалысынан) жеп-ішіңдер» («әл-Бақара» сүресі, 168 аят).

«Алланың сендерге ризық етіп берген нығметтерінен халал һәм таза болған күйінде ішіп-жеңдер. Өздерің иман келтірген Аллаға қарсы келуден барынша сақтаныңдар» («әл-Мәида» сүресі, 88 аят).

Құлшылығымыз күнделікті тамағымыздан туындайтын күштен, сондай-ақ жанымызды қуаттайтын рухани азық арқылы жүзеге асады. Руханиятымыз адал аспен байланысты, ал харам және күмәнді астың кесірінен бойымызда ауырлық, немқұрайлылық пайда болады.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Харамнан сақтаныңдар. Асқазанына харам ас түскен адамның дұғасы қырық күнге дейін қабыл болмайды» деген еді.

Бір күні Сағыд ибн Әбу Уаққас (р.а.): «Уа, Алла елшісі! Менің әрбір дұғамның қабыл болуы үшін маған дұға етіңіз» деп өтінгенде, Адамзаттың асыл тәжі (с.ғ.с.): «Дұғаларыңның қабыл болғанын қаласаңдар, адал аспен қоректеніңдер. Кейбіреулер харам жейді, харам киеді. Сонан соң, көкке қолын жайып дұға етеді. Мұндай кісінің дұғасы қалай қабыл болсын?» деп жауап берген екен.

Алланың әміріне бағынатын, мойынұсынатын жүректер даналық пен ізгілікке толы болады. Тыйым салынған, күмәнді нәрселерден қорғалмаған қалбтарды азғындық паналайды.

Ихсан ілімінің қыр-сырын меңгерген Абдулқадыр Гейлани, Мәуләнә Жәләлуддин ар-Руми, Әбу Хамид әл-Ғазали сынды асыл ғұламаларымыз арам астың адам баласына орасан зиян тигізетінін ескертіп кеткен.

Абдулқадыр Гейлани бұл мәселеге қатысты былай дейді:

«Назар аудар балам! Харамды жеу жүректі өлтіреді. Бір тамақ бар жүректі нұрландырады, бір тамақ бар оны қап-қара қылады. Және де бір тамақ бар сені дүниемен шұғылдандырып қояды, бір тамақ бар ақыретке назар аудартады. Харам жеу сені дүниемен шұғылдандырып, күнәларды саған сүйікті етіп көрсетеді. Рұқсат етілген асты жеу сені ақыретпен шұғылдандырып, құлшылық-ғибадатты саған жақсы көргізеді. Ал, халалдан жеу жүректі Жаратушыға жақындатады».

Ғұламалардың тағы біреуі: «Кей жағдайларда харам астан жүректің бұзылып, бүлінетіні сондай, қайта бұрынғы қалпына келе алмайды. Күнә атаулы жүректі қарайтып, қатайтады. Әсіресе, түнгі ғибадатқа селкеу түсіреді. Түн қараңғылығының түндігін түріп ашып, қара түнді жарыққа, шуаққа бөлейтін тәһәжжүд намазынан адамды суытатын ең үлкен кедергі – харам ас. Жүректі нұрландыруда, шырайын келтіруде ешбір нәрсе адал ас секілді әсерлі, ықпалды бола алмайды. Адал ас жүректе ізгіліктің жалынын жағып, адамды ғибадатқа жігерлендіреді. Жүректерінде «мурақаба» орнатқандар яғни, Аллаһтың бақылауында екенін әрдайым қаперінде ұстап, нәпсісін әрқашан бақылауда ұстайтындар харам яки адал астың рухани кемелдік тұрғысынан қаншалықты маңызды (Исламдағы шейіттік мәртебесінен кейін) екенін өз тәжірибелерінен жақсы біледі» деген екен.

Қорыта келе, асымыздың адалдығы біздің құлшылығымызға, ол өз кезегінде Раббымызбен қарым-қатынасымызға тікелей әсер етеді. Итағат-ғибадатымыз кемшіліксіз, ал дұғамыз қабыл болсын десек адалдықтың шеңберінен шықпауға тырысайық.

Алла баршамыздың жүрегімізді нұрға бөлек, ықыласпен құлшылық жасайтын құлдарынан болуды жазсын. Әмин!

      Саламат Түгелбайұлы,

                                                       Баянды ауылдық мешітінің имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close