Мақалалар

Иғтикафқа кіру – Аллаға толық берілу

Қасиетті Рамазанның басқа айлардан ерекшілігі сондай, мұсылман баласы ораза кезінде ыждаһаттылықпен құлшылық жасайды, тәубе етеді, күнәлары үшін ұялып, Жаратқаннан жарылқау тілейді. Шынайы тәубеге келген жанның жүрегі ерекше нұрға толып, иманы күшейеді.

Бұл айда аса ұқыптылықпен әрі махаббатпен көп Құран мен намаз оқылады, дұға жасалады. Оразада ізгі амалдарды ықыласпен орындаған пенде нәпсісін жеңіп, жағымсыз әрекеттерінен арылып, жақсылыққа ұмтылады. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисі күллі мұсылман үмбетінің құлшылыққа деген жігері мен ықыласына ерекше күш береді: «Рамазан айының әуелгі түні кіргенде шайтандар мен қара ниетті жындар кісенделеді. Тозақтың есіктері біреуі де қалмай жабылады. Жәннаттың есіктері біреуі де қалмай ашылады. Сонда бір үндеуші: «Ей, жақсылық іздеуші, жақсылық істеуге кіріс! Ей, зиян іздеуші, зиян істеуді доғар! Бұл айда Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар және бұл әр түні жүзеге асады» деп хабарлайды».

Бұл хадистен түсінгеніміздей, Рамазан айында тозақ есіктерінің біреуі қалмай жабылуы және жәннат есіктерінің біреуі қалмай ашылуы – Алланың сіз бен бізге жасаған мейірімі мен жеңілдігі.

Кез-келген жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылатын берекелі Рамазан айында ерекше орындалатын амалдың бірі – иғтикафка кіру. Иғтикаф деген сөз бір жерде біраз кідіру, бір нәрсеге берілу, нәпсіні әдеттегі еркінен тыю деген ұғымдарды білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы мынадай: нәпсіні әдеттегі еркінен, дүниенің машақаттарынан тыйып, Аллаға толық берілу және Оған жақындау ниетімен белгілі бір уақыт аралығында мешіттен шықпай, құлшылық ету.

Иғтикаф амалы оразаның соңғы он күнінде орындалады. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айындағы өмірінен мынадай ғибратты амалды баяндайды: «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен әрі отбасын да оятқан».

Рамазанның соңғы он күнінде ерекше құлшылық жасап, сауапты істерді көбейту – Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келе жатқан сүннет амалдың бірі. Мұсылман баласы оразаның соңғы он күнінде иғтикафқа кіру арқылы өзін дүниенің әртүрлі істерінен босатып, нәпсісін әдеттегі еркінен тыйып, Аллаға ерекше ниетпен беріліп, құлшылықтан бас көтермейді.

Жалғыз қалу арқылы Алланы еске алу – пенденің хикметі мен иманын арттырады, мінезі мен болмысын көркемдейді. Иғтикаф амалының негізгі мақсаты – Алланы еске алу, сонымен қатар жүректі әртүрлі дерттен (дүниеге шектен тыс қызығу, рия, шақуаттың қалауына ерік беру, біреудің кемшілігіне қуану, мақтан сөзге масаттану, т.б.) арылту және оны емдеу.

Жүрек нәзік жаратылыс болғандықтан, оны әртүрлі дерттен тазартып, уақытына емдеп тұрмаса, пайдасыз нәрсеге әуестеніп кетуі мүмкін. Иғтикафта Алланы үнемі еске алған жүрек тыныштық табады. Расында, жеке қалу амалы адамның құлшылығын түзейді, оның ойын өзгертіп, Аллаға деген сенімі мен тәуекелін арттырады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеке қалып, Раббысын көп еске алып, көп ойланған сәттен кейін оның өмірінде үлкен өзгерістер орын алды. Уахи түсіп, пайғамбарлық аманатты арқалады.

Адам баласы қым-қуыт тіршілікте түрлі проблемамен бетпе-бет келеді. Әсіресе күнделікті тіршіліктегі әртүрлі мәселелер оның ойы мен құлшылығына әсер етпей қоймайды. Алланы ғана еске алу үшін иғтикафқа кірген пенде иманын күшейтіп, жан-тәнімен құлшылық етеді. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Раббыңның атын есіңе ал да, Оған жан-тәніңмен бет бұр» («Мүззәмміл» сүресі, 8-аят) деп әмір еткен.

Иғтикафта пенде өзінен есеп алып, қате-кемшіліктерін еске алады. Жасаған күнәсі үшін тәубе етеді. Бұл өмірдің жалған әрі уақытша мекен екенін терең түсіне бастайды.

Иғтикафқа кірген адам бос сөзден, артық ауыз әңгімеден құтылады. Өзгелермен әңгіме-дүкен құру, қалжыңдасып, көңіл көтеру – адамға тән әрекет. Алайда адам баласы көп әңгіменің арасында біреуді жамандап, ғайбат сөзге жол беріп қойғанын кейде байқамай қалауы мүмкін. Бос әрі көп әңгіме иманды әлсіретуге әкеп соғады. Ал бос әңгіме мен көп сөзден арылатын амал – жеке қалып, Жаратушы мен жаратылыстар туралы ойлану.

Нәпсі деген Алланы еске алудан қашқақтайды. Ал оны дұрыс тәрбиелей алсақ, адам жаны Алланы еске алуда ерекше сезімге бөленеді. Жүрегі мазасыздықтан арылып, бақыттың дәмін сезіне бастайды.

Иғтикафта Құранмен жалғыз қаласыз. Құранды бірнеше оқып, хатым етесіз. Өйткені Рамазан айында түскен Құранды көп оқу – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Құран оқыған кезде оның мағынасына ой жүгіртесіз. Алланың әмірлерін толық орындауға тырысасыз. Құран екі дүние бақытына жетелейтін, ақ пен қараны ажыратып беретін, адал мен арамды баяндайтын ұлы кітап екенін ұғасыз. Жаратушы Иеміз «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан айында адамзатты тура жолға жетектеуші, тура жолды түсіндіруші әрі ақиқат пен жалғанды айырып танытушы дәлелдерді қамтыған Құран түсірілді…» делінген.

Рамазан айының соңғы он күнінде, оның ішінде түнде жасаған амалдарыңыз, дұға-тілектеріңіз мың айдан да қайырлы қасиетті Қадір түніне дөп түсуі мүмкін. Өйткені Қадір түні жасалған құлшылық бүкіл күнәні жойып жібереді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан оразасын иманмен және сауапқа деген үмітпен ұстаған кісінің ілгері кеткен күнәлары кешіріледі. Және кім Қадір түні иман және сауапқа деген үмітпен қиямда тұрса, оның ілгерідегі күнәлары кешіріледі» деген.

Иғтикафта көзді жаман нәрседен сақтайсыз. Қоғамдық ортада жүрген соң түрлі нәрселерге көз түседі. Оны ерікті әрі еріксіз түрде көреміз. Ерікті түрде жаман нәрсені көру көз зинасын оятып, жүректі әлсіретеді. Оның соңы жамандыққа жетелейді. Алла одан бізді сақтасын. Ал иғтикафта жеке қалғанда жаман нәрсені көрмей, күнәлі істен аман қаласыз.

Алла Тағала қасиетті Рамазан айында жасаған дұға-тілектерімізді, құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл еткей. Әмин.

Әнуар ІЗІМБАЙҰЛЫ,

Маңғыстау облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №9, 2021 жыл 

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close