Мақалалар

Байлықты жүрегіңізде емес, қолыңызда ұстаңыз

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Әр пенденің белгілі бір материалдық, физикалық қажеттіліктері бар екендігін ешкім жоққа шығармайды. Біз тамақ, киім, баспана немесе демалыс сияқты сауықтың түрлеріне мұқтажбыз. Бұдан бөлек, қамқорлықты қажет ететін ата-анамыз, жарымыз, бала-шағамыз бар.

Осы мақсатта біз жұмыс істейміз, ақша табамыз, оны қажеттіліктерімізді қанағаттандыруға жұмсаймыз. Адамның материалдық әл-ауқатын, отбасының және туған-туыстарының жағдайын ойлауы – заңдылық.

Өмірімізді ыңғайлы етуге, мысалы, анамыздың, әйеліміздің үй шаруасын жеңілдетуге мүмкіндік беретін тұрмыстық техниканы сатып алу, не болмаса жұмысымызға, өзге алыс жерлерге тез жету мақсатында көлік алудың еш әбестігі жоқ. Бастысы табыс рұқсат етілген һәм адал жолмен келсе болғаны.

Дегенмен, осы жерде бір нәрсені ескергеніміз жөн. Біздің дүниелік қажеттіліктеріміз үнемі өсіп отырады. Материалдық байлықты жинауға деген ұмтылыс кез-келген адамның жан дүниесін жаулап алып, сана-сезімін өзгертуі мүмкін.

Егер адам баласы қажетіне қарай, жыл мезгілдеріне байланысты бірнеше киім түрін алса, оның еш ұяттығы жоқ. Бірақ адамның шкафында қыс, көктем, жаз, күз айларына арналған киім-кешектің ондаған түрі, онымен қоса оларға сай аяқ-киімдері бола тұра, «киетін ештеңем жоқ» деуі, бос уақытын сауда орындарында өткізуі – бұл үлкен мәселе.

Сондай-ақ, ескі көлігінің орнына жаңасын алса, бұл да қалыпты жағдай. Бірақ егер ол бұрынғы темір тұлпарының жақсы жағдайына қарамастан, жаңа және заманауи нұсқадағы көлік алып, осы әрекетін әдетке айналдырса – бұл тұтынушылыққа және жинақталуға деген айқын құмарлық.

Құмарлықтың бұл түріне берілген адамдар сән қуып, жыл сайын белгілі-бір заттарын ауыстырып отыруға, қаланың беделді жерлеріндегі үйде тұруға, әлемнің ең көркем жерлерінде демалуға тырысады.

Осының арқасында пенделер туған-туыстары мен достарынан алыстап кеткендерін, біраздан бері ата-анасын зиярат етпегенін ұмытып кетеді. Себебі, оның ойы жоғарыда айтып өткен нәрселерге алаңдаулы болады.

Байлыққа деген ұмтылыс оның жанына әсер еткені соншалық, оның жүрегі махаббат, мейірім, қанағат және өзге де ізгі қасиеттер бар екенін ұмыта бастайды.

Қасиетті Құранда:

«Дүние-мүлік пен бала-шаға – қу тіршіліктің сәні. Ал мәңгі-бақи өшпейтін һәм әсте зая болмайтын иманға негізделген игі істер (сондай-ақ игі жолда жұмсалған мал-мүлік пен иманды бала-шаға) болса, Раббыңның құзырында сауап тұрғысынан да, оларға үміт арту жағынан да әлдеқайда қайырлы» («әл-Кәһф» сүресі, 46 аят), деу арқылы байлықтың өткінші нәрсе екендігін ескертеді.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер адам баласының бір сай тола алтыны болса, әлбетте екі сай алтыны болғанын қалар еді. Ал, екі сай алтыны болса, әлбетте екеуіне қоса үшіншісін қалайды. Адам баласының ішін тек топырақ қана толтырады», деген хадисінде адам табиғатының ашкөздігін сипаттаған.

Дініміз мал-мүлік жинауға тыйым салмайды. Десе де, қолымыздағы дүниеде мұқтаж жандар мен пақырлардың үлесі бар екенін ұмытпауымыз керек.

Енді қалай өмір сүру керек деген сұраққа? Құранда айтылғандай «орта жолмен», яғни екі дүниемізге қатысты істермен қатар айналысу қажет деп жауап береміз:

«Алланың өзіңе нәсіп еткен осынау байлықпен ақиреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа» («әл-Қасас» сүресі, 77 аят).

Ихсан ілімін, адам жүрегінің қыр-сырын меңгерген ғұламаларымыз да кейінгі ұрпаққа, яғни бізге: «Байлықты жүрегіңізде емес, қолыңызда ұстаңыз» деп өсиет қалдырған.

Қорыта келе, болашақ өмірімізге қолымыздағы ақшамызды да, бағалы заттарымызды да, жылы һәм жайлы үйімізді де алып кете алмаймыз. Ақыретте тек Алла разылығы үшін істелген іс-әрекеттеріміздің ғана құны болатынын естен шығармайық ағайын.

Алла баршамыздың жүректерімізді дүние-мүліктің әсерінен сақтасын. Әмин!

Айғабыл Дәуірханұлы,

Қызылтөбе ауылдық «Әл-Хаким» мешітінің имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close