Мақалалар

Аллаға деген махаббат кемел болған кезде…

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Соңғы жылдары қазақ тілінде жарық көрген діни әдебиеттердің саны ғана емес, сапасы да артып келеді. Соған қарамастан, адамды рухани тұрғыдан жетілдіріп, адамгершілік тұрғысынан өзгертуге бағытталған еңбектерді түрік не араб тілінен аударып келгеніміз ақиқат. Аталмыш еңбектердің орнын баспаса да, уақыт талабына жауап бере алатын танымдық еңбектің қажеттілігін дін мамандары көптен сезінген. Осы орайда, еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарыққа шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітап оқырманға жол тартты.

Бұл еңбекте «Жаратушы Аллаға ихсан», «Тұлғалық ихсан» және «Ихсан және қоғам» атты үш негізгі бөлім бар. Алғашқы бөлімінде Алланы тану, Алла Тағалаға махаббат, Құранға деген махаббат, Пайғамбарға деген махаббат және өзге де тақырыптар төңірегінде толымды түсінік беріледі. Кітаптың екінші бөлімінде нәпсі тәрбиесі, рух тазалығы, тіл тазалығы, өмірдің қадірі сынды мәселелер бойынша тұщымды мәліметтер табамыз. Үшінші бөлімінде адамдардың ақысы, қарым-қатынас әдебі, еңбек ету және жаман әдеттерден сақтану сынды мұсылман адамның өміріне қатысты ұстанымдар туралы ой өрбиді. Бұл еңбек ғасырлар бойы ата-бабамыз ұстанып, салт-дәстүрімен сабақтастыра білген рухани-тәрбие жолының жаңғыруына негіз болатын бірден-бір құрал деп санаймыз.

Алла Құранда: «Ал иман келтіргендер Алланы бәрінен артық жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 165-аят); «Алла оларды жақсы көреді және олар да Алланы жақсы көреді» («Мәида» сүресі, 54-аят) деп баяндайды. Бұл аяттардан барлық нәрседе Алланың разылығын көздеудің маңыздылығын түсінеміз.

Әнәс ибн Маликтен келген риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде үш қасиет болса, ол иманның ләззатын алады: Алла мен Пайғамбарды өзгелерден артық жақсы көру; адамды тек Алла үшін жақсы көру; Алла өзін күпірліктен құтқарғаннан кейін күпірлікке қайтуды отқа тасталғандай жек көру».

Аллаға деген махаббаттың көріністері мынадай:

Біріншісі – адамның өзіне деген сүйіспеншілігі және өз тұлғасын жетілдіруге деген ұмтылысы. Себебі, адам өмірі және оның бойындағы қасиеттері – оны жоқтан бар етіп, мейірімділікпен жаратқан Алланың сыйы.

Екіншісі – адам өзіне қайырымдылық жасағанға сүйіспеншілікпен қарайды. Ал қайырымдылардың қайырымдысы – жалғыз Алла.

Үшіншісі – адамның Алланы, Оның сипаттарын танып, құдіреті мен даналығы туралы ойлауы.

Ал Аллаға деген махаббаттың белгілері мынадай:

Біріншісі – адам Алланың разылығы үшін өзінің нәпсі қалауын, жеке мүдделерін құрбан етуге дайын болуы тиіс. Бұл – Алла Тағаладан алыстататын барлық нәрселерден аулақ болу деген сөз. Ғұлама әл-Фудаиль Йияд (Алла оны рақым етсін) осы мәселеге қатысты: «Егер біреу сізден Алланы жақсы көресің бе деп сұраса, үндемеңіз. Егер сіз «мен Оны жақсы көрмеймін» деп айтсаңыз, күпірлік жасайсыз. Ал «мен оны жақсы көремін» деп айтсаңыз, сіздің істеріңіз сөзіңізге қайшы келуі мүмкін» деп айтқан екен.

Екіншісі – Алланы әрдайым еске алу, яғни зікір ету. Себебі, жақсы көретін нәрсе үнемі есте болады. Махаббат кемел болса ол ешқашан ұмытылмайды.

Үшіншісі – құлшылық-ғибадаттың оңай болуы. Бұл жөнінде бір тақуа: «Отыз жыл бойы түнгі құлшылықтарымда қиналдым, бірақ келесі отыз жыл ішінде олардан рақат ала бастадым» деген екен. Демек, Аллаға деген махаббат кемел болған кезде ешқандай қуанышты сәтті ғибадат кезіндегі сезіммен салыстыруға келмейді.

Қорыта келе айтарымыз, «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабында жазылғандай, адам баласының жүрегіне Аллаға деген махаббат орнықса, оның жүрегінде жалған қызығушылыққа орын болмайды. Жүрегінде мына өткінші өмірге деген титімдей де қызығушылығы жоқ адам бақытты ғұмыр кешеді. Ол өмір бойы қайғы-мұңның не екенін білмей өтеді. Алла баршамызға Өзін жақсы көретін құлдарынан болуды жазсын! Әмин!

Әнуар қажы Ізімбайұлы,

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы

«Мұнара» газеті, №14, 2021 жыл

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close