blog Images

Жастар кеңесін құру – игі бастама

Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі барша дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасын жолдап, 2024 жылда атқарылатын басты жұмыс бағыттарын айқындап берді.

Бағдардық баяндамада айтылған игі бастамалардың бірі – ҚМДБ жанынан Жастар кеңесін құру болып табылады. Бұл жөнінде Бас мүфти:

«Халқымыздың үштен бірі – жастар. Жас буын өкілдерін жат қылықтардан, бейәдеп іс-әрекеттерден және теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру – аса маңызды іс. Өскелең ұрпақ өкілдерімен жұмысты жандандыру үшін әр саланың білікті мамандарын ортақ мақсатқа жұмылдыратын «Жастар кеңесін» құрамыз» деп айтты.

Жастық шақ – дініміз бойынша адам өміріндегі ерекше кезең. Бұл – адам өмірінің көктемі, қайрат пен жігерге толы жалындаған уақыты. Сол себепті жастық шағымызды ғибадат пен ізгі істерге арнауымыз қажет.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінде жастықтың қадірін білуге үндеген:

«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені бағала: кәрілік жетпей тұрып жастық шақтың қадірін, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, кедейлікке ұшырамай тұрып байлықтың қадірін, жұмысбасты болмай тұрып бос уақыттың қадірін, ажал келмей тұрып өмірдің қадірін біл!»;

«Қиямет күні төрт нәрседен сұралмай пенденің аяғы ілгері жылжымайды: Өмірін қалай өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, мал дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағандығы, біліміне қалай амал еткендігі».

Сол себепті бұл жалған дүниенің жылтырағына алданбай, Алланың қаһарынан қорқып, күнә мен жамандық атаулыға жоламай, жастық шағын тура жол мен ізгілік жолында арнаған адамға мол сауап бар екенін есімізден шығармағанымыз абзал.

Осы орайда ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының «Жастар кеңесін» құру туралы бастамасы – егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба деп есептеймін.

Заир Мұхаммадюсуфұлы,

Мұнайшы ауылдық «Ар-Рахим» мешітінің имамы