blog Images

Зекет пен уақыптың айырмашылығы неде?

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

«Зекет» ұғымы

Ауқатты мұсылмандар Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдардың пайдасына беруі міндетті. Бұл асыл дінімізде «зекет» деп атайды.

«Зекет» ұғымы сөздік тұрғыдан «тазару», «өсу», «өну», «арту» және «береке» деген мағыналарды қамтиды. Зекет – бұл күнделікті садақа немесе қайырымдылық емес, Ислам дініндегі негізгі парыздардың бірі.

Зекет адам баласының күнделікті өмірде пайдаланатын мүлкінен –тұратын үйінен, мінетін көлігінен, киімінен және т.б. төленбейді. Зекетті бір жыл бойы алтын, күміс, ақшалай түрде жинаққа ие, меншігінде малы, немесе сатуға арналған тауары бар және т.с.с. адам төлеуі керек.

Шариғат бойынша әлеуметтік жағдайы төмен адамдар материалдық көмек сұрауға міндетті емес, себебі, олардың зекет алуға заңды құқығы бар. Ал дәулетті адамдар өздеріне тиесілі мал-мүліктің бір бөлігін бере отырып, мойнындағы міндеттерін орындайды.

«Уақып» ұғымы

Исламда қайырымдылық атаулының ең құрметтісі – «уақып» болып танылады. Тілдік тұрғыда «уақып» сөзі «ұстау», «тоқтату», «кедергі болу» деген мағыналарды білдіреді. Шариғатымызда белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалануды уақып деп атаймыз.

Уақып мәселесінде ислам шариғаты заң жағынан жан-жақты зерттеліп, қалыпқа түскендігімен ерекшеленеді. Уақыптың көптеген мақсаттары мен түрлері, қоғамда атқаратын ролімен ерекшеленеді.

Шариғат уақыпты мақсатына қарай үш түрге бөліп қарастырады:

Діни уақып – қаражатты, мал-мүлікті құлшылық мақсаттарына арнап бөлуді айтады. Мешіт салу, оның ішіндегі төсеніштер мен кілемдер,  медресе,  оның жылжымайтын мүлкі мен жиһаздарына жәрдемдесу сияқты істер осыған мысал.

Қайырымдылық уақып – жылжымайтын мүлік пен қаражатты әртүрлі қайырымдылық істерге арнау.

Ұрпаққа арналған уақып – Ислам дінімен бірге келген, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары кезінен бастау алып, кейінгі ұрпақ үшін қолдануға қалдырылған мүліктер жатады.

Зекеттің уақыптан айырмашылығы

Біріншіден, зекет – парыз амал болса, уақып – сүннет амал.

Екіншіден, зекет үшін нисап мөлшері маңызды болса, уақып үшін нисап мөлшерінің болуы қажет емес.

Үшіншіден, зекет жылына бір рет берілсе, уақып үшін белгілі бір мерзім жоқ.

Төртіншіден, зекет үшін арнайы адамдар тобы қарастырылса, уақып мәселесінде ондай жоқ.

Бесіншіден, зекет ақшасын айналымға салуға болмайды, ал уақыпта қаржыны айналымға салуға болады.

Дегенмен, асыл дінімізде зекеттің де, уақыптың да мәртебесі жоғары екенін ұмытпай, жағдайымызға қарай, Алла тарапынан берілген мүмкіндікті пайдаланып, мұқтаж жандарға барынша көмек беруіміз қажет. Ақиқатында, барлық нәрсе Алла Тағалаға тиесілі екенін ұмытпайық.

Іздібай Бегенұлы,

«Уақып» қорының Маңғыстау облысы бойынша жауапты өкілі