blog Images

ШАЙХЫ АХУН КЕНДІРБАЙҰЛЫ

Сейсенбаев Шайхы (толық аты — Шайхыислам) Кендірбайұлы 1881 жылы Маңғыстау ауданындағы Жыңғылды аулында дүниеге келген. Әкесі Кендірбай еліне елеулі, халқына қалаулы дәулетті ақсақал болған. Қарашымырау, Қосбұлақ, Бесбұлақ, Қоңыркез, Сарытаған, Шұқырой жерлерін қоныстанған. Оның ата-тегін Алшын Меңдалыұлы өзінің «Адай шежіресі» кітабында: «Сейсенбайдан — Кендірбай, тоқалынан — Ес, Дос. Кендірбайдан жеті бала, бәйбішесінен: Қарабұлақ, Наурызбек, Қосқұлақ, Есен, ал Науша тоқалынан: Бекен, Шаңбас, Шайқы», — деп келтіреді.  Ахұн Адайдың шоңай руының Монша атасынан тараған. Бұхара медресесінде 15 жыл білім алған. Есімі Маңғыстау,Қарақалпақстан,Түркіменстан қазақтарына танымал білімді адам болды. Елде мектеп ашып, бала оқытып, халықты сауаттандырумен шұғылданған. Мазары Хожелі қаласындағы Мәздімхан әулие қорымында. Басына қыштан күмбез тұрғызылған.
Шайхы бала кезінде Жыңғылдыдағы Құлыш бидің мешітінен сауат ашады. Кейін Қарақалпақстаннан екі молда келіп, Кендірбайдың аулында бір жыл балаларды мұсылманша оқытқан. Сол балалардың ішінде Шайхы да болады. Мерзімді уақыты бітіп, еліне қайтарда әлгі молдалар бала Шайхының зеректігін байқап, өздерімен бірге әлі де білімін жоғарылатып оқытуға алып кетуге ата-анасына қолқа салады. Ризалығын алады. Кез келген адамның аяғы алыс қалаға жете ала ма?! Ол молдаларды жолға жетерлік қаражат, азық-түлікпен ата-анасы, әрине, мол мөлшерде қамтамасыз етті деп пайымдаймыз. Қазақ даласында бала оқытқан діни дәріс берушілер Шайқы, Бекмұханбет сынды алғыр балаларды ата-анасынан сұрап алып, алыс қалаларда оқытқаны жиі кезедеседі. Қазақ арасына келіп сабақ берген молдалардың өз іштерінен сауатты адамдар шығару үшін, Хиуа, Бұхар, ноғайлардың медресесіне жылына 1-2 баладан жіберіп отырған. Бұдан мешіт молдаларының Астрахан, Башқұрт, Хиуа, Бұхара сынды ірі діни орталықтармен үзбей байланыс жасап тұрғандығын аңғаруға болады. «Кіші жүз елінің аяқ жетер жерінде Ресей мұсылманшылығының діни-ағартушылық ірі орталықтарының бірі-Ноғай Қарғалысы деген қаланың барлығын, онда 60 мешіт, 40 медресе болғандығын» жазушы Б. Аманшин қолжазбасында келтіреді. Башқұрт, ноғай дәстүр — салты қазаққа ұқсас, түркі тектес халық. Қанша дегенмен, алыстан ат арытып барған мұсылмандарға іш тартады. Ол кезде Хиуа, Бұхара оқулары — ең негізгі, табанды діни оқу ошақтарының бірі болатын. Сол Шайхы Бұхарадағы медреседе 15 жыл білім алады. Бұл — аз уақыт емес. Ахун жат жерде көптеген қиындықтарды басынан өткізген, үстіне шешек шығып, жалғыз өзі бір бөлмеде ұзақ жатқан кездері болған. Білім-ғылымға құштар Шайхы бұл ауыртпалықтың бәріне шыдап, медреседен заңгер мамандығын алып шығады. 25 жасында туған жеріне оралады. 1909 жылы Маңғыстау, Атырау аймағынан жиналған 14 адамның ішінде болып, қажылыққа барып қайтады.
1928-1929 жылдары қожа-молдалар елден қуылып, көбі жазықсыз атылды, бөтен ел асты. 1929 жылы солақай саясаттың лебі сезіліп, осы жылдың күзінде тағдырдың айдауымен, Ш.Кендірбайұлына туған жері Маңғыстауды тастап, өмірінің соңына дейін Қарақалпақстанның Хожелі қаласын мекен ету маңдайына жазылды. Бұл туралы Қайырбай Тұңғатарұлы: «Ахун шәкірттерге сабақ жүргізіп жатқан кезде, үйге бір ұзын бойлы, қарасұр адам кіріп келіп, ахунмен амандасып, екеуі сыртқа шығып кетті. Сүт пісірімдей уақыттан кейін, Шайхы ахун қағазға жазады. Жазуын аяқтаған соң, шәкірттерін босатты да, мені кідіртіп алып қалып, «әкеңе бер», — деп қолыма қағаз ұстатып жіберді. Мен оны әкеме тапсырдым. Әкем қағазды оқып шықты да, Себепбайды бір жаққа жұмсап жіберді. Себепбай еркек қой әкеліп сойды. Қонақасын жеп болған соң, ахунның көші қас қарая жүріп кетті. Ахунға сол хабар айтқан кісі Алшын Меңдалыұлы екен. Оны кейін білдім», — деп жазады.

Алайда, Қазақстанда отаршыл Ресейдің тарапынан мұсылмандық білім алуға жасанды кедергілер ұйымдастырылды. Өзінің отаршылдық ниеттерін іске асыруға мұсылман мектептерінің ықпалын әлсіретуді көздеді. Сондықтан да орыс және қазақ зиялы мектептерінінің ісін кеңейтуді қолға алды. Сол мектептер арқылы бірқатар міндеттерді шешуге тырысты. Ең алдымен, қазақтарды дәстүрлі білім жүйесінен, өз діндерінен тайдыру, содан соң қазақ халқын орыстандырып, христиан дініне тарту мақсаты көзделді.
1870 жылы патша үкіметінің «Бөтен христиандар мен татар магометандар туралы арнайы Ереже» атты шешімі шығып, ол бойынша барлық мектепте, мешіт-медреседе орыс тілі сабағы жүруі көзделді. Оған қоса, мешіттерді бұрын қаржыландырып отырған байлар, қожа молдалар елден жыраққа қуғындалды. Бүкіл Қазақстан аумағында біршама мешіттер жабылып, қара құлып салынды. Мұсылмандардың кітапханаларына тыйым салынды, кейбіреулерін өртеп те жіберді.Еріксіз елден көшкен Шайхы ахун жат-жұртқа сіңісіп, Қарақалпақстандағы сыйлы адамдардың біріне айналады. Ол 1942 жылдан 1959 жылға дейін Пірім Ишан мешітінің бас имамы болып істеді.Шайхы ахун 1959 жылы 78 жасында туған елден жырақта қайтыс болды. Хожелі қаласындағы Мәздімхан сұлу қорымында жерленген. Қарақалпақстанды мекен еткен бүкіл қазақ, өзбек, түрікмен, қарақалпақ ағайындар күш біріктіре басына күйдірілген қызыл қыштан қабырғасының қалыңдығы бір метрлік мешіт-күмбезді өз қолдарынан орнатқан.

                                                                                                                                                               Маңғыстау облыстық баспасөз қызметі