blog Images

Рамазанның соңғы 10 күніне 10 кеңес

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Қасиетті Рамазан айының үштен екі бөлігі артта қалып, соңғы он күндігі қалды. Соңғы он күнде бар күш-жігеріңізді салып, мүмкіндігінше көп ғибадат етуге уақыт бөліңіз.

Осыған байланысты, бұл мезгілді барынша пайдалы өткізуге арналған кеңестерімізді назарларыңызға ұсынамыз.

Ниет етіңіз

Рамазан айының соңғы он күнін жақсы ниетпен бастаңыз. Ниеттің түзулігі – барлығынан да маңызды екенін ұмытпаңыз.

Уақытыңызды босқа өткізбеңіз

Уақыттың қаншалықты құнды екенін білеміз. Әсіресе, Рамазан айында уақытты жоғалтпау өте маңызды. Сондықтан, егер сіз теледидар алдында, не болмаса ғаламтор, әлеуметтік желілерде ұзақ сағаттарды өткізу әдетінен әлі бас тартпаған болсаңыз, дәл қазір соның орайлы сәті.

Көп құлшылық жасаңыз

Бұл күндері парыз намаздарынан бөлек, тарауық, нәпіл намаздарды оқыңыз. Қаза (оқымаған, қалып қойған) намаздарыңыз болса соларды өтеңіз.

Құранды көп оқыңыз

Құран оқудың қадір-қасиеті мен құндылығы туралы ұзақ айтуға болады.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Құранды оқыңдар, өйткені, ол Қиямет күні оны оқығандарға шапағатшы болып шығады», – деген өсиетін естен шығармаңыз.

Отбасыңызбен уақыт өткізіңіз

Осы ерекше күндері отбасыңызбен уақыт өткізіп, жақындарыңызға бұл мезгілдің артықшылықтарын түсіндіріңіз. Балаларыңызға Рамазан айының мерекелік көңіл-күйін сезіндіріп, рухани тәрбиеге баулу мақсатында тәттілер салынған базарлық қорапшаларын сыйлаңыз.

 Ренжіткен адамдардан кешірім сұрауды ұмытпаңыз

Өздеріңіз білетіндей, Алла Тағаланың кешірімін алудың шарттарының бірі – жасаған қате-кемшіліктеріміз үшін басқа адамдардың кешірімін алу болып табылады. Біреудің құқығын бұзып, қиянат жасаған болсаңыз, қазір бұны түзетудің уақыты. Мүмкіндігіңізді жіберіп алмаңыз.

Жасаған күнәларыңыз үшін өкініп, тәубеге келіңіз

 Өткен күнәларыңыз үшін тәубе етіп, Алла Тағаладан кешірім тілеңіз.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызға үйреткен төмендегі дұғасын айтып жүріңіз.

«Аллаһуммә иннәкә ъафуун тухиббу әл-ъафуә фаъфу ъәнни».

«Аллаһым! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Ендеше, менің күнәларымды кеше көр».

 Айналаңызға мейірімділік танытыңыз

Осы берекелі уақытта басқа да игі істердің маңыздылығын ұмытпаңыз. Науқас адамдарды зиярат етіңіз, ораза ұстаушыларға ауызашар беріңіз, қоршаған ортаңыздағы адамдарға мейірімді болыңыз.

Тыйым салынған іс-әрекеттерден аулақ болыңыз

Ешкімді ренжітпеуге тырысыңыз. Өтірік, өсек, ғайбат айтудан, біреудің намысына тиіп, қорлаудан бойыңызды аулақ ұстаңыз. Мұсылман баласына жат өзге де жарамсыз қылықтардан сақтаныңыз.

Қадір түнін жіберіп алмауға тырысыңыз

Қадір түні – Рамазанның соңғы 10 түнінің бірінде келері хақ. Айлардың сұлтанының 27-ші түнін күтпей, бұл айдың соңғы 10 түнінің барлығын тиімді пайдалануға тырысыңыз.

Мүмкіндігінше осы түндері сергек болып, Қадір түнін қарсы алудың мүмкіндігін жіберіп алмаңыз.

Раббымыз Алла баршамызға қасиетті Рамазан айының соңғы күндерін мұсылманға тән лайықты түрде өткізуді нәсіп етсін. Әмин!

Жұмабай Қуандықұлы,

Рахат ауылдық «Оразмағанбет ахұн Тұрмағамбетұлы» мешітінің имамы