blog Images

Рамазан айының соңғы күні де келді!

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Әбул-Фарадж ибн әл-Жәузийдің тағылымы мол мынадай сөздері бар:

«Итағаттың* қиындығы кетеді, сауабы қалады.
Аллаға қарсы келудің** ләззаты кетеді, азабы қалады».

Бір айлық ораза маусымы бітті, шамасы жеткендер оразаларын ұстады, бес уақыт намазын және 20 ракағат тарауық намазын Құран хатыммен оқыды.

Бұл ғибадат құлшылықтарды жасап жатқанда кейде жанымыз қиналды. Кейде аштық, шөл, шаршау, әлсіздік қысты. Кейде сәресіге тұра алмадық, сөйтіп күні бойы аш әрі әлсіз кездік. Кейбіріміз жұмысымыздың ауырлығына қарамастан сабыр еттік. Ал кейбіріміз Құран хатым жасадық, тарауық намазына үлгеремін және бірінші сапта тұрамын деп тамақты тойып жемедік, кейбіріміз жамағатқа ауыз ашар беремін немесе әзірлеймін деп ең қиын сәтте жұмыс жасадық. Сонымен қатар Қадір түніне сәйкес келу үшін иғтикафқа кірдік немесе Қадір түнінде таңға дейін көз ілместен құлшылық жасадық.

Нәтижесі не болды? «Санаулы күн тез өтеді», «әр келер күн, жақын» сөздері ақиқат екенін тағыда бір дәлелденді. Міне Рамазан айт мейрамы да келіп жетті.

Енді өткен бір айға назар салсақ барлық қиындықтардың орнын есте қалар оқиғалар алды. Жасаған барлық құлшылық ғибадатымызды Алла қабыл еткен болсын. Егер қабыл етсе, әрбір қиындық кетіп орнына сансыз сауаптар қалды. Ораза ұстаушының екінші қуанышы қалды, оны да, Алла жазса, Жаратушымыздың құзырына барғанымызда алармыз!

Ал енді кейбіріміз сабырсыздық, шыдамсыздық немесе болмашы сылтаулардың арқасына еріп Рамазан айын ораза ұстамастан, тарауық намазын оқымастан немесе оқысақта әртүрлі адамдардың сөзіне еріп, 8 ракағат оқып немесе ыстықты сылтауратып сапты толтырмастан бөлек-бөлек терезе алдында немесе мешіттің ішінде орын бола тұра сыртта оқыдық.

Кейбіріміз Құран оқуға және оны хатым етуге ерініп босқа телефон, интернетке үңілдік. Сонымен қатар кейбіріміз мың айдан да артық болған және мүмкіндік болған Қадір түнін ұйқы немесе бос әңгіме және істермен өткіздік. Міне бұл істердің ләззаты кетті де, бізге күнәсі қалды.

Міне ағайын! Ақылды адам, әрбір істі істеу сәтте істің қиындығына немесе жеңілдігіне емес нәтижесіне мән беру керек. Негізінде әрбір қиын деп ойлаған нәрсеміз, біздің бір сәттік сабырсыздығымыз! Өйткені Алла бұл дінді құлдарын қинау үшін түсірген жоқ. Бізді, нәпсілік қалауларымызға қарсы тұрғызу арқылы кәміл адам деңгейіне жеткізіп мәңгі нығмет болған жәннатына кіргізу үшін түсірді.

Алла Тағала тұтқан оразаларыңызды, берген зекет, пітір садақаларыңызды, ұйымдастырған ауыз ашарларыңызды қабыл етсін. Рамазан айт мейрамы барша мұсылманға әрі барлық мұсылман өлкесіне құтты әрі берекетлі болсын, ағайын!

*ғибадат, құлшылық, жақсылық амал
**күнә, харам, нәпсіге ұнайтын нәрселер

Марат Жарылқапұлы,

Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұстазы