blog Images

Қош келдің, Рамазан!

Бүкіл әлем мұсылмандары қасиетті Рамазан айының басталуын асыға және шынайы қуанышпен күтуде.

Рамазан қайырлы істер жасау арқылы адамдар арасындағы түсіністік, ізгі ниетті күшейту және өзара көмек көрсету айы. Бұл айда игі амалдардың сауабы артып, күнә істердің жазасы еселенеді.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

 «Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін. …» («әл-Бақара» сүресі, 185 аят), деп бұйырады.

Ораза сабырдың жартысы болып, мұсылманды тақуалыққа жетелейді. Адам баласының жан дүниесін тазартып, имандылыққа тәрбиелеуге барынша ықпал ететін ғибадат түрлерінің бірі.

Рамазан айында ораза ұстау – Алла Тағаланың барлық әмірлерін мінсіз орындап, Ол тыйым салған нәрселерден аулақ болуды білдіреді.

Ораза екі дүниеде де көптеген игіліктерге жол ашып, қиындықтарға табандылықпен төзе білуге, шыдамды болуға үйретеді. Мұсылман мұның бәрін өз қалауымен қабылдап, әдеттегі нәрселерден және құмарлықтан өз еркімен бас тарту арқылы нәпсісін жеңуге мүмкіндік алады.

Ораза – адамға өнегелі мінезді үйрететін тәрбие мектебі. Асылында, оразаның көмегімен адам өз бойындағы жағымсыз сипаттардан арылады.

Пенденің ораза ұстаған-ұстамағанын бір Алла ғана біледі. Сол себепті ораза – еш нәрсеге ұқсамайтын ерекше ғибадат түрі.

Құдси хадисте мейірімі шексіз Алла Тағала:

«Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Ораза мұсылманға Алланың оған деген мейірімін еске түсіруімен де пайдалы, өйткені аштық пен шөлді сезінген адам Раббысына деген шынайы шүкіршілік сезіміне бөленеді. Осылайша аузы берік адам мұқтаждарды есіне алады. Бұл сезім оны жомарт, жанашыр болуға және мүжәлсіз адамдарға көмек көрсетуге үндейді.

Сондай-ақ ораза тәкаппарлықты басады. Әлеуметтік және материалдық жағдайына қарамастан бақуатты адам да, кедей адам да, басшы да, қызметкер де ораза ұстау арқылы бір адамның екіншісінен тек Құдайдан қорқу арқылы ғана асып түсетінін және Алланың үкімдері барлығына бірдей екенін түсінеді.

Айта кету керек, ораза тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, сонымен бірге адамның қолынан, тілінен, тіпті ойынан шығатын барлық жамандық пен күнәлардан үзілді-кесілді бас тартуы.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім оразада жаман сөз айтудан жəне жаман, надандық іс істеуден тыйылмаса, Алла Тағала оның ішіп-жеуден тыйылуына мұқтаж емес» деген өсиеті осы сөздеріміздің айқын дәлелі.

Рамазанды Құран айы деп те атайды, себебі қасиетті кітап аяттарының түсуі осы айда басталды. Демек, Алланың Кәләмына да ерекше көңіл бөлуіміз қажет.

Ораза ұстаудың рухани, физикалық, әлеуметтік және өзге де көп қырлы пайдасы бар. Жылына бір рет берілетін бұл мүмкіндікті жіберіп алмайық.

Алла Тағала бізге осы қасиетті айды лайықты қарсы алуды және өткізуді нәсіп етсін. Әмин!

                                                       Бералы Жалғасбайұлы,

                    Қызылсай ауылдық «Мұханмедин Шихыұлы» мешітінің имамы