

ҚАДІР ТҮНІНІҢ ҚАСИЕТІ
Қадір түні араб тілінен аударғанда (ليلةُ القدر – ләйләтул-қадір) – қасиетті түн деген мағынаны білдіреді. Бұл түн Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Осынау түн жайлы Құран Кәрімнің «Қадір сүресінде» баяндалған. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.
Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді.Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша Қадір түні қасиетті рамазан айының 26-сынан 27сіне қараған түні деп белгіленген.Осы түні барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі.
Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп баяндаған. Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабына татиды. Ал, бұл түнді жіберіп алған кісі көп нәрседен мақұрым қалады дейді ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ): «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны» (Ан-Насаи). Абдулла ибн Аббастың (р.а.): «Қадір түнінде – сол жылғы жақсылық пен жамандық, ризық-несібе, өмірдің мөлшері тағдырға жазылады», – деген. (Лаухул махфуз).
Қадыр түнін не үшін күту керек? Өйткені Қадыр түні – ерекше түн. Ол түнде періштелер жерге түсіп, жын-шайтандар кісенделетін, жер бетінде береке орнайтын кеш. Қадыр түні – Алланың құлдарына мейірімін түсіріп, әр құлының сұрағанын беретін түн. Бұл түнгі ғибадаттың сауабы орасан зор! Айша анамыз (р.а.) Алла елшісінің (ﷺ): «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он түнінен іздеңдер», – дегенін жеткізген («Сахих әл-Бухари»). Рамазан айының соңғы он түнінде ғибадатты арттырып, Аллаға жақындататын амалдарды көбейту лазым. Қадыр түнінің мәртебесі туралы Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген: «Айлардың мырзасы – рамазан, күндердің мырзасы жұма, түндердің мырзасы — Қадыр түні». Ал, бұл түнді жіберіп алған кісі көп нәрседен мақұрым қалады дейді ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ): «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны» (Ан-Насаи).Алла Тағала адам баласын Өзіне құлшылық етсін деп жаратқан. Олай болса, Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнінде Аллаға жақындататын төмендегідей амалдарды жасаған абзал деген.
- Бұл түнде Алланың рызашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек.
- Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойылып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс.
- Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үмметінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт.
- Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылуыға тиістіміз.
- Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру керек. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым-қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс.
- Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болуы шарт.
- Алланы зікір етіп, Ұлы Жаратушының шексіз құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына ой жүгіртіп, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманымызды күшейтуіміз қажет.
- Жиі-жиі дұға жасауымыз керек. Өйткені, дұға адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер десек болады.
- Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болған болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректің қақ төрінен орын алары сөзсіз.
- Бұл Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеуіміз керек. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, Ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт.
Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Кім Қадір түнін Алланың сауабына иман келтірген және үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі».
Айша (р.а.) Пайғамбарымыздан (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деп сұрағаны баяндалады: «Уа, Алланың елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?» Ол: «Уа, Алла, расында, Сен –Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!», – деп айт», – деді.
اللَّهُمَّ إِنَّكَ عَفُوٌّ كَرِيمٌ، تُحِبُّ الْعَفْوَ، فَاعْفُ عَنيِّ
Осы хадистерді атап болған соң, хафиз Ибн Ражаб былай деді: «Суфьян әс-Саури: «Қадір түні дұға ету мен үшін намаз оқудан да сүйіктірек», – дейтін. Суфьян әс-Сәуридің айтпақшы болғаны: көп дұға ету, дұғасы жиі айтылмайтын намаздан артық. Алайда егер адам намаздан кейін Құран оқып, дұға жасайтын болса, онда әрине, бұл жақсырақ. Рамазан айында Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) түнгі намаздарды оқығанда, Құранды мәнерлеп оқып, Алланың мейірімі мен кешірімі туралы аяттарына жеткен уақытта, Алладан мейірімділік пен мағфират жасауын тілейтін, ал азап туралы аяттарды оқыса, Жаратушы Иеден пана сұрайтын. Осылайша Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) намаз бен Құранды, дұға мен зікірді біріктіре отырып жасаған! Бұл Рамазан айының соңғы он түнінде және басқа түндері жасалатын ең жақсы әрі ең кемел іс болып табылады.
Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі ол – Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Олай болса,осы қасиетті Рамазан айында ораза тұтып, Аллаға көптеп зікір айтып, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауаттар жолдап, садақа беріп, нәпіл намаз, қаза намаздарын оқып, қасиетті болған Қадір түнін құлшылықпен өткізіп, мол сауаптан алайық! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке нәсіп еткей!
Құрметпен,ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы
Елжанов Әнуар Ізімбайұлы