blog Images

Қадір түнін Рамазан айының соңғы тақ түндерінен іздеңдер

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Бүгін Рамазан айының ерекше, соңғы он күндігі басталады. Осы күндердің ішінде мұсылмандар үшін жылдың ең маңызды түні – Тағдыр түні – «Ләйләтүл-қадр» жасырылған.

Қадір түнінің («Ләйләтүл-қадр») нақты қай күні болатыны белгісіз, ол әдетте Рамазан айының соңғы 10 күнінде келеді. Қадір түнінің нақты уақыты Алла Тағалаға ғана мәлім.

Мұсылмандардың бұл түнге ерекше мән беруінің бірден-бір себебі – Құран Кәрімнің алғашқы аяттары ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәл осы түні уахи етіле бастаған.

Құранда бұл туралы былай деп баяндалады:

«Ақиқатты ашық баяндайтын осынау ап-айқын Кітапқа серт! Біз оны құт-берекеге толы қасиетті түнде түсірдік. Біз (сол арқылы ақиқаттан сырт айналғандарды) ескертудеміз. Сол түні (Алланың) хикметімен тағдырға жазылған әрбір іс нақтыланатын болады. Біздің тікелей бұйрығымызбен нақтыланады. Біз (сендерге) пайғамбарлар жіберушіміз. Міне, Раббыңның (құлдарына деген) рақымы. Шүбәсіз, Ол – Сәмиғ (бәрін естуші), Алим – (бәрін білуші, шексіз ілім иесі)! Егер сендер (пайғамбарларымыз бен кітаптарымызға) қалтқысыз кәміл сенетін болсаңдар, онда біліп қойыңдар, Алла – күллі аспан әлемі мен жердің және екеуінің арасындағы бар нәрсенің Раббысы» («ад-Дұхан» сүресі, 2-7 аяттар).

Бұл түннің артықшылығы жайлы Алланың кітабында:

«Қадір түні мың айдан артық (қайырлы)» («әл-Қадір» сүресі, 3 аят), деп келеді.

Екі дүние сұлтаны (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

«Алла Тағала Қадір түнін менің үмметіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы үмметтерге бұйырмаған», – деп сіз бен бізге сүйінші хабар айтса, екінші бір хадисінде:

«Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады», – деп ескерткен.

Осындай құт-берекеге толы түннің Рамазан айының қай күні келетіні бәймәлім, алайда пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Қадір түнін Рамазан айының соңғы тақ түндерінен іздеңдер», деп бұл түнді мүбәрак айдың тақ күндері күту керектігімізді өсиет еткен.

«Іздеңдер» деген сөз оның белгілерін қарап отыру деген емес, керісінше, сол түні ұйқыдан бас тартып, мүмкіндігінше көп құлшылық жасау дегенді білдіреді.

2023 жылы Рамазан айының 21, 23, 25 және 27 тақ түндері, сәйкесінше 11-ші сәуірден 12-ші сәуірге, 13-ші сәуірден 15-ші сәуірге, 15-ші сәуірден 16-ші сәуірге, 17-ші сәуірден 18-ші сәуірге сәйкес келеді.

Қадір түннің қандай белгілері бар?

Құран Кәрімде: «Ол – бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады» («әл-Қадір» сүресі, 5 аят), – деп айтылғандай, жер бетіне түскен періштелердің көптігінен күн сәулесі аз және ақ түсті болып келеді.

Ибн Аббас (оған Алланың рақымы болсын):

«Қадір түні – жақсылыққа тола берекет түн. Ыстық та, суық та болмайтын түн. Оның таңында күн әлсіз қызыл түсті болып атады», – деп риуаят етеді.

Алла Тағаланың бұл мүбәрак түнді жасырын етуінің сыры ажалдың, Қиямет күнінің жасырын болуы секілді мұсылман баласын ғибадатты көбейте түсуге және де ғапыл қалып, жалқаулық танытпау үшін құлшылыққа ынталандыру мақсатында жатса керек.

Рамазанның соңғы он түнінде жасалатын сүннет амалдар анық әрі түсінікті. Алайда дәл Қадір түнінде атқарылатын құлшылықтар үшін берілетін сауапты тіпті елестету мүмкін емес. Сол себепті, атына заты сай осы мезгілдің қадірін біліп, Алла Тағаланың рақымынан құр қалмайық.

Раббымыз Алла баршамызға қасиетті Қадір түнін лайықты түрде қарсы алуды нәсіп етсін. Әмин!

Айғабыл Дәуірханұлы,

Қызылтөбе ауылдық «Әл-Хаким» мешітінің имамы