Қадір түні – мұсылмандарға берілген Алланың сыйы
Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
Алла Тағала Рамазан айының мәртебесін оразамен ғана емес, Тағдыр түнімен (Ләйләтүл-қадр) де үстем етті. Бұл түн 1000 айдан да қайырлы, демек, осы түні жасалған құлшылықтың да сауабы да өте ауқымды болмақ.
Қадір түні – асыл дінімізде ерекше құрметке ие. Бұл түні Алла Тағала бізге сансыз игіліктер нәсіп етіп, Өзінің рақымы мен кешірімін беруге уәде берді.
Қадір түні – қасиетті Құран аяттары түсе бастаған түн.
Қасиетті Құранда: «Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік» («әл-Қадір» сүресі, 1 аят), деп келеді.
Қадір түні – тағдырымыз паш етілетін Үкім түні.
Қасиетті Құранда бұл туралы: «Сол түні (Алланың) хикметімен тағдырға жазылған әрбір іс нақтыланатын болады», – деп бұйырылған («ад-Дұхан» сүресі, 4 аят), деп айтылады.
Қадір түні – барлық күнәлар кешірілетін түн.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
«Кімде-кім Қадір түні Алланың рақымынан үміт етіп, нық сеніммен құлшылық жасар болса, ол адамның өткен күнәлары кешіріледі», – деп өсиет еткен.
Айша анамыз Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл түні қандай дұға оқу қажеттігін сұраған кезде:
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Аллаһуммә иннәкә ъафуун тухиббу әл-ъафуә фаъфу ъәнни».
«Аллаһым! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Ендеше, менің күнәларымды кеше көр», деген дұғаны оқуға кеңес берген.
Жаратушы Алланың қалауымен Қадір түнінде жасалуы керек кейбір амалдарды келтірейік:
Қадыр түніне арналған дұғалар тізімін жасап, соғай сай әрекет етіңіз
Алла Тағала бұл кешке толық бір сүрені арнаған. Онда: «Қадір түні мың айдан артық (қайырлы)» («әл-Қадір» сүресі, 3 аят), – деп айтылған.
Имам Қуртуби осы аятты тәпсірлеп: «Артықшылығымен, ұлықтығымен артық. Бұл түнде көптеген артықшылықтар бар. Бұл түнге мың жылға шаққанда топталмайтын жақсылық үлестірілген», – деген.
Осы қасиетті түнде отбасыңыз және жақындарыңыз үшін ізгі дұға-тілектер жасаңыз. Бұл Алла Тағалаға жалбарыну үшін ерекше сәт, сондықтан оны барынша ықыласпен өткізуге тырысыңыз.
Намаздарды жамағатпен оқу
Адамзаттың мырзасы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
«Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады», деп үмметін сүйіншілеген.
Мүфти Мұхаммед Шафи ‘ Усмани былай деп жазады:
«Егер адам түнгі және таңғы намаздарды жамағатпен бірге оқыса, ол Қадір түнінің берекесі мен сыйлығына ие болады. Ол осы түнде неғұрлым көп ғибадат етсе, оның қадір-қасиетінен оның алған үлесі соғұрлым көп болады. Мүслімнің «Сахихында» біздің мырзамыз Осман, оған Алла разы болсын, Алла елшісінің, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, былай дегенін жеткізеді: «Кімде-кім құптан намазын жамағатпен оқыса, түн ортасына дейін намаз оқығандай сауап алады. Таң намазын да жамағатпен оқыса түні бойы намаз оқығандай сауап алады».
Демек, мүмкіндігінше Қадір түні ақшам, құптан, тарауық және таң намаздарын жамағатпен оқығанымыз абзал болады.
Қарыз және нәпіл намаздарды оқу
Қаза (оқымаған, қалып қойған) намазы бар адам шамасына қарап сол қарыз намаздарын өтегені дұрыс. Қарызы болмаған жағдайда қалағанынша нәпіл намаздарды оқи алады.
Сондай-ақ, бұл түні Құран оқуға, көбірек дұға-тілек айтуға кеңес беріледі.
Алла Тағала біздің барлық дұғаларымызды қабыл алып, Қадір түнінен мақұрым қалмауымызды нәсіп етсін. Әмин!
Заир Мұхаммадюсуфұлы,
Мұнайшы ауылдық «Ар-Рахим» мешітінің имамы