blog Images

Отанға деген сүйіспеншілік

Отанға деген сүйіспеншілік дегеніміз – адамның туған жеріне, халқына, олармен байланысты барлық құндылықтарға қатысты ерекше сезімі. Адам өз тағдырын туып-өскен жерімен бірге елестетуі, оның дамуы мен рухани өркендеуіне өзін жауапты санауы керек.

Өзің туып-өскен, бойың үйреніп, жан дүниеңмен біте қайнасып кеткен өлкені сүю – барлық адам баласына тән табиғи қасиет. Отанға деген құрметтің имандылық шарттарымен астасып жатқан сәттері де бар.

Мұсылманның туған жеріне деген көзқарасының қандай деңгейде болуы керектігін біз ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінен көре аламыз.

Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ухуд та бізді жақсы көреді», – деген сөздері, адам баласын туған елдің тауы мен тасына дейін жақсы көруге үндейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккедегі мүшріктерден көп қиындық көріп, исламның ертеңі үшін Мәдинаға қоныс аударуға шешім қабылдайды. Мекке шаһарынан жолға шыққан Алла елшісі (с.ғ.с.) «Хазрауа» деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқау көңілмен ұзақ қарап:

– Уаллаһи! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім, – деген екен.

Испанияның басым бөлігінде билік құрған Әбдірахмен ад-Дахил құрма ағашын көргенде, оның бойында туған өлкесі Сирияға деген сағыныш пен мұң оянып:

«Мен сияқты бөтен елде мұңаясың

Алыстағы ағайын-туғаныңды сағынып.

Менің денем, өзің көріп тұрғандай, осында,

Бірақ менің жүрегім және оның иелері сонда қалды», деп айтқан деседі.

Демек, асыл дініміз адамның туған еліне деген сүйіспеншілігін жоққа шығармайды, керісінше, оны қуаттайды.

Біз отансүйгіштік иманның көрінісі екенін ұмытпауымыз керек. Отанды сүю – өз халқын сүю, оның даңқты тарихына ризашылық білдіру, өмір сүріп жатқан жерді сүю, онымен байланысты барлық жақсылық пен сұлулықты сүю. Мұсылман өз Отанын таңдамайды, бірақ ол үшін жауапты болады.

Кезінде Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Халел, Мұхаметжан және т.б. Алаш қайраткерлерінің қызметі жалаң ұлтшылдық емес, отансүйгіштік сезімдерінен ой мен іске айналған талпыныстары осы сөздеріміздің айқын дәлелі.

Отанды халықсыз елестету мүмкін болмағаны сияқты ұлтты, халықты Отансыз елестету мүмкін емес. Әрбір адам өзі туып-өскен Отанын сүюге, көркейтуге, қорғауға міндетті.

Пайғамбарымыздың өзі өскен жерін қимай, оған ұзақ қарап «Мен үшін сенен артық жер жоқ» деп көңіл құлазыған сәті де біз үшін үлкен өнеге болып қала берсін.

Алла Тағала елімізді сыртқы жаудан, ішкі даудан сақтасын. Әмин!

                  Айғабыл Дәуірханұлы,

        Қызылтөбе ауылдық «Әл-Хаким» мешітінің имамы