blog Images

ОБЛЫС БАС ИМАМЫНЫҢ РАМАЗАН АЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

Құрметті барша мұсылман бауырлар және отандастар!

Қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Аллаға Тағалаға мадақ-мақтаулар болсын! Ораза айының қадір-қасиетін түсіндірген сүйікті Пайғамбарымызға сансыз салауат болғай!  Баршаңызды күллі мұсылман баласы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!

Биыл Алланың қалауымен,қасиетті Рамазан айы наурыз айының 1-і күніне тура келіп отыр.Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді.

Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Адамның иманы күшейген сайын арсыздықтан арыла бастайды. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Алла елшісінің (с.ғ.с) сахих хадистерінде Айт мейрамына тамақ жеп, сусын ішу, Алланы еске алу, қонақ күту, сырқат адамдардың көңілін сұрау мен жоқ-жітік, кембағалдарға садақа беру тән екендігі айтылған. Олай болса, айт күндерін ізгі амалдарымызды кемітпестен, көтеріңкі мерекелік көңіл-күймен және басқа да сауабы мол істермен өткізген мақұл.

Жаратушы Хақ Тағала баршамыздың ізгі ниетімізді қабыл етіп, тұтқан оразамыз қабыл болғай! Жүздеріңіздегі – нұр, жүректеріңіздегі – иман арта берсін! Әлеуметтік жағдайы нашар жандар мен отбасыларға жәрдем беріп, осы мақсатта ұйымдастырылатын қайырымдылық акцияларына мүмкіндігінше атсалысып,жақсылықтажарысайық!

Біздің дініміз – бейбітшілік, махаббат пен мейірім діні. Сүйіспеншілікті тарату оның ажырамас бөлігі ал, сыйлық соның құралы. Осынау қасиетті айда бір-бірімізге мейірімділік танытып,ағайын-туысқа,жағдайы төмен отбасыларға, жетімдерге, мүгедектерге, қарттарға бірге көмектесейік. Өз үлгімізбен қоғамдағы өзара түсіністік пен сыйластықтың орнауына үлес қоса  аламыз.Осы ретте, Маңғыстау облысының кәсіпкер азаматтарынан қасиетті айдың құрметі үшін халықтың тұрмыстық жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше  төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын.

 Алла Тағала баршамыздың тұтқан оразамыз бен жасаған құлшылық-ғибадаттарымызды және сауапты істерімізді қабыл етіп, келер жылғы Рамазан айына аман-есен жетуімізді нәсіп еткей. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, халқымызға иман байлығын бергей! Ауызбіршілігімізді арттырып, тыныштығымызды тұрақты қылғай! Әмин!

             ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы

Әнуар Ізімбайұлы