

ОБЛЫС БАС ИМАМЫНЫҢ АМАЛ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ
Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті Маңғыстаулықтар!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің, жергілікті дін қызметкерлерінің және өзімнің атымнан сіздерді Амал мерекесі – Көрісу күнімен, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақ мейрамымен құттықтаймын.
Бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ халқының қыстан аман шығып, бір-бірінің хәл-жағдайын сұрайтын ерекше дәстүрі Көрісу немесе Амал күнімен құттықтауы,ағайынның қыстан аман шығып,ел амандығының айғағы деп білеміз.
Міне биыл ұлық ай Рамазан айында,қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келіп отырған Амал мерекесінің халқымыз үшін орны бөлек. Өткен жылдан жаңа жылға есен-сау жеткендігіне шүкір етіп, қытымыр қыстың кері шегініп, жер аяғы кеңіп, жер-дүниенің гүлденіп, ел бұл күні қол алыса жамырай көрісіп, құшақ айқастыра жадырай қауышады.
Тегінде, Амал – елдік, халықтық мейрам. Себебі бұл күні бірлік күшейеді, береке молаяды.
Ата тарихты ұрпаққа жеткізу жолын оны ел үшін де, елге келер қонақ үшін де айшықтап көрсетер үлгінің бірегейі – өлкеміздің ерекше мерекесі осы Амал.
Ел ырысы мен татулығына айналып, құт дарыған Амал мейрамы– көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.
Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Амалды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін.
Амалдан амалға аман есен жете берейік!
Құрметпен ,Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы