НӘПІЛ ҚҰЛШЫЛЫҚТАРДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Нәпіл амалдар дегеніміз – шариғат тарапынан міндеттелмеген, бірақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) парыздан бөлек өз еркімен қосымша істеген құлшылықтары.
Құдайға жақындаудың,оның сүйіспеншілігіне бөленудің бірден -бір жолы-құлшылыққа деген құштарлық, құлшылықтағы тұрақтылық.Жалпы құлшылық атаулының «намаз» секілді тәнмен жасалатын «зекет» сынды мал-мүлік арқылы іске асырылатын және «қажылық »сияқты hәм тәнмен hәм малмен жүзеге асатын түрлері бар.Сонымен қатар пендеге жүктелетін амалдар дәрежесі жағынан парыз,уәжіп және нәпіл болып бөлінеді.
«Құлым парыздармен бірге,нәпіл амалдар арқылы маған жақындаған сайын,мен оны жақсы көретін боламын» (Құдси хадис).
Нәпіл құлшылықтарға деген тұрақтылық шынайы иманның,Аллаға деген махаббатың нышаны.Тек парыз амалдарды ғана орындаудың негізінде тозақтағы азаптан қорыққандық және жәннаттағы нығметтерге деген ынтықтық қана жатуы ықтимал.Ал әрбір құлшылықтың өзегінде Аллаға деген махаббат тұрмаса,ол амалдың кемеліне жетпегені.Дегенмен бұл нәпіл құлшылықтардың парыз амалдардан артық екендігін білдірмейді.Парыз амалдардың дәрежесі қашанда жоғары.Нәпіл құлшылық парыздың орнын баса алмайды.Сіздің 100 жыл бойы жасаған таңғы зікіріңіз өткізіп алған бір күндік таң намазының дәрежесіне жетпейді.Сол себепті нәпіл құлшылықты орындау парыз амалды орындаудан тоспауы қажет.
Пендеге парыз амалдарды Алла тағала міндеттесе,нәпіл құлшылықты Аллаға деген сүйіспеншілігін білдіру мақсатында адам өз-өзіне жүктейді.Алланың міндеттеген парыз амалдарынан артық құлшылыққа құштар мұндай жанға Жаратушы иеміздің сүйіспеншілігі де ерекше болмақ.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисте Алла Тағала былай дейді:«Егер пендем маған бір қарыс жақындаса ,мен оған бір адым жақындаймын.Маған бір адым жақындаса,мен оған екі қадам жақындаймын.Қашан ол Маған жүрсе, мен оған жүгіремін».
Нәпіл амалдар адамды Алланың сүйген пендесі етеді.Алла тағаланың :«(Мұхаммед):Егер Алланы сүйсеңдер,онда маған ілесіңдер.Сонда Алла сендерді жақсы көріп,күнәларыңды жарылқайды.Өйткені Алла аса жарылқаушы,ерекше мейірімді деп айт»,-деген аяты соған дәлел (Әли Имран сүресі 31-аят).Алла Елшісінің соңынан ерген адам ол кісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасаған құлшылықтарын,әрбір іс-әрекетін,тіпті,мінез-құлқына дейін қайталауға күш салатыны сөзсіз. Сөйткенде ғана аятта айтылғандай Алланың сүйіспеншілігіне ие боларымыз анық.Ендеше Алланың махаббатына ие болу үшін Пайғамбарымыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бар ісімізде үлгі тұтып,соңынан еруіміз ләзім.
Ақпарат «Ихсан рухани тәрбие негізі» (Нұр-Сұлтан 2021) кітабынан алынды