blog Images

Кез-келген сынақтан өту жолы – Алланы еске алу

Кез-келген адам баласы ерте ме, кеш пе өз өмірінде белгілі-бір емтихан, сынақтарға тап болады. Мектеп бітірген кездегі бақылау жұмысы болсын, жоғары оқу орнына түсу емтиханы болсын, жүргізуші куәлігін алу емтиханы болсын, не жұмысқа қабылдау тесті болсын – бұның бәрі адам үшін қиындық туғызуы мүмкін.

Кейбір адамдар емтиханнан өту үшін өздері оқыған нәрселерді мұқият қайталап, түсініп, есте сақтауға тырысып бақса, екіншілері барлық нәрсені соңғы сәтке қалдырады. Әрине, әркімнің қабілеті әртүрлі. Дегенмен алдын ала дайындалу абзал болады.

Қолымыздан келген нәрсенің барлығын жасағаннан кейін, Жаратушыға тәуекел етуді ұмытпауымыз керек. «Тәуекел» сөзі – кез-келген істі Аллаға тапсыру деген мағынаны береді.

Ислам әрбір мұсылман үшін Жаратушыға тәуекел етуге әмір етеді. Бұл туралы Құранда:

«Егер бір іске бекінсең, Аллаға тәуекел ет. Шын мәнінде Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді» («Әли Имран» сүресі, 159 аят), деп келеді.

Тәуәкел құралдарға (кітап, қалам, дене мүшелері және т.б.) қатысты емес. Алла бізге қандай да бір істі жүзеге асыруға мүмкіндік берді ме, біз барынша әрекет етіп, нәтижесін Жаратушы Аллаға сенім тапсыруымыз қажет.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінен :«Түйені байлайын ба, бос жіберіп Аллаға тәуекел етейін бе?» деп сұраған адамға, «Алдымен түйені байла, сосын Аллаға тәуекел ет!» деп жауап берген.

Бұл бізге берілген құралдарды пайдалана алатынымызды дәлелдейді, бірақ түптің түбінде барлық нәрсені басқарушы – Алла Тағала.

Өзін үнемі еске алушы пендені Жаратушымыз да есіне алады. Алла Тағала қасиетті Құранның «әл-Бақара» сүресінің 152-аятында:

«Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер, қарсы болмаңдар (күпірлік етпеңдер)», – деп  айтады.

Осы орайда біз Алланы еске алудың бір түрі және мұсылманның қаруы саналатын дұға туралы айтып кеткеніміз жөн. Себебі Алла Тағала Өзіне бет бұрып, дұға жасайтын құлын жақсы көреді.

Мысалы, егер сізде ақыл-ойыңыз әлсіреп, ақпаратты сақтай алмасаңыз Алланың әл-Фаттах және әл-Хафид сияқты екі есімі арқылы дұға еткеніңіз абзал болады.

Алла – әл-Фаттах, жеңуші және ашушы, Сіздің ойыңыз бен жүрегіңізді ақпарат үшін ашады. Алла – әл-Хафид, қорғаушы, Сіздің миыңызға және жүрегіңізге кірген білімді сақтайды.

Жаратушымыздың осы көркем есімдерін пайдаланып, «уа, Фаттах», «уа, Хафид» деп дұға етіңіз.

Мектепті бітіруші түлектер жыл сайынғы ҰБТ емтиханын тапсыруға дайындалып жатыр. Осы орайда сіздердің назарларыңызға бірнеше дұғаларды ұсынуды жөн көрдік.

Сонымен бірге әрбір істі жеңілдету, істің жақсылығын сұрау мақсатында оқылатын мына дұғаларды оқыса, істің соңы қайырлы болады үміттенеміз:

Әуелі, «Фатиха» сүресін үш рет оқу керек. Кейін келесі дұғалардың бірін оқыған абзал.

«Аллахумма, ля сахля илля ма джа’альта-ху сахлян, ва Анта тадж’алю-ль-хазна иза ши’та сахлян!»

Аудармасы: «Иә Алла, Сен жеңілдеткен нәрседен жеңіл еш нәрсе жоқ, әрі  егер Сен қаласаң бұл ауыртпалықты да жеңілдете аласың!».

«Рабби әдхилнии мүдхалә сидқин уә әхрижнии мухражә сидқин, уәжъал лии мил ләдункә султанән нәсиира».

Мағынасы: «Раббым! Менің кіретін жерімді оңды қыл және шығатын жерімді де оңды қыл! Әрі маған өз қасыңнан жәрдем күшін нәсіп ет»

Сондай-ақ, емтиханға кіргеннен кейін, келіп-түскен сұрақтарға жауап бермес бұрын Мұса (ғ.с.) пайғамбардың мына дұғасын оқыса болады:

«Раббишрәх лии садри. Уә яссир лии әмри. Уәхлул ъуқдәтәм мил лисәни. Яфқаһуу қаули!».

Мағынасы: «Уа, Жаратушы Ием! Менің көңілімді (немесе зейінімді) аш. Маған ісімді жеңілдет. Тілімдегі шырмауды шеш. Менің айтқаным оларға түсінікті болсын!».

Алла баршамызға өмірімізде кездесетін түрлі сынақтардан сүрінбей өтуді жазсын. Әмин!

          Заир Мұхаммадюсуфұлы,

 

Мұнайшы ауылдық «Ар-Рахим» мешітінің имамы