blog Images

Исра және Миғраж мұғжизасы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Һижра жыл санауы бойынша 620 жылы Ережеп айында өте маңызды оқиға орын алады – ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеден Құдыста (Иерусалим) орналасқан әл-Ақса мешітіне түнгі саяхат жасап, жеті қат көкке көтеріледі. Бұл оқиға Исра және Миғраж деп аталады.

Аталмыш оқиға Ережеп айының 26-нан 27-не қараған түні болғанын ескерсек, 2024 жылы бұл ақпан айының 7-нен 8-не қараған түніне сәйкес келеді.

Исра – Алла елшісінің (с.ғ.с.) түнгі сапары

Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:

«Құлын (Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла – мінсіз (мұқтаждық пен дәрменсіздіктен, кемшілік атаулыдан ада). Ол – Сәмиғ (бәрін естуші), Басир (бәрін де көруші)» әл-Исра» сүресі, 1 аят).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбаның жанында ұйықтап жатқанда, оған Жәбірейіл (ғ.с.) періште келіп, Пырақ есімді жануармен әл-Ақса мешітіне жеткізеді.

Сахих хадистерде Алла елшісінің (с.ғ.с.) өзгепайғамбарлармен екі ракағат намаз оқығаны айтылады. Екі бас намазда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) имамдыққа өтуі – Ислам дінінің Жаратушымыздың пендесіне жолдаған соңғы сөзі екендігінің айғағы.

Миғраж – Алла елшісінің (с.ғ.с.) жеті қат көкке көтерілуі

Әл-Ақса мешітінен шыққаннан кейін екі дүние мырзасы (с.ғ.с.) бірден аспанға көтеріледі. Алла елшісі (с.ғ.с.) бірінші аспанда Адам (ғ.с.), екінші аспанда Иса (ғ.с.) мен Жақия (ғ.с.), үшіншісінде – Жүсіп (ғ.с.), төртіншісінде – Ыдырыс (ғ.с.), бесіншісінде – Харун (ғ.с.), алтыншысында – Мұса (ғ.с.), ал жетінші аспанда Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарлармен кездеседі.

Намаздың нақ осы Миғраж мұғжизасында парыз болғаны жайында нақты хадистер бар. Соның бірінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намаздың парыз болуы туралы былай деп айтады:

«Менің үмметіме Алла Тағала елу уақыт намаз оқуды парыз еткен болатын. Мен оны алып Мұса (ғ.с.) алдынан өтіп бара жатқанымда ол маған: «Раббың сенің үмметіңе нені парыз етті?», – деп сұрады. Мен оларға елу уақыт намазды парыз еткендігін айтқанымда Мұса (а.с.) маған: «Аса даңқты һәм ұлық Раббыңа қайтып бар! Расында сенің үмметіңнің бұған шамасы жетпейді», – деді. Сосын мен аса даңқты һәм ұлық Раббыма қайта барып, (үмметіме жеңілдік сұрадым). Ол (Алла Тағала) намаздың бір бөлігін алып тастады. Кейін мен қайта келіп (болған жайды) Мұсаға (ғ.с.) айтып бердім. Ол маған: «Раббыңа қайтып бар! Расында сенің үмметіңнің бұған шамасы жетпейді», – деді. Сосын мен аса даңқты һәм ұлық Раббыма қайта бардым. Ол (Алла Тағала) маған: «Осы бес уақыт намазда елу уақыт намаздың сауабы бар. Расында Менiң алдымда сөз өзгермейдi», – деді. Кейін мен Мұсаға (ғ.с.) қайтып келдім. Ол маған тағы да: «Раббыңа қайтып барып, жеңілдет!» – дегенде, мен енді Раббыма қайтып барудан ұяламын дедім» (Бұхари хадистер жинағы).

Абдулла ибн Масғұд (р.а) миғраж кеші туралы айтып келіп:

«… Сөйтіп Алла елшісіне (с.ғ.с) үш сыйлық тарту етілді, олар: бес уақыт намаз, «Бақара» сүресінің соңғы аяттары, үмметінен кімде-кім қанша үлкен күнә жасаса да, бірақ Аллаға серік қоспаған болса, оған (ертелі-кеш) кешірім жасалатыны туралы сүйінші»деп айтқан.

Осыдан кейін пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірден Құдысқа, одан Мекке қаласына жеткізіледі.

Сонымен, Исра және Миғраж оқиғасынан келесі қорытынды шығаруға болады:

Біріншіден, бұл мұғжиза Алла елшісінің (с.ғ.с.) пайғамбарлық міндетін дәлелдейді;

Екіншіден, қалған пайғамбарлардың қатысуымен оқылған намазда Алла елшісінің (с.ғ.с.) имам болуы – Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олардан дәрежесінің биіктігін көрсетеді;

Үшіншіден, Миғраж түнінде мұсылмандарғанамаз құлшылығы парыз етілді.

Исра мен Миғраж оқиғасы – ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басынан өткен тамаша мұғжизалардың бірі екенінде күмән жоқ. Біз де осы оқиғаның орын алғанына шүбә келтірмеуіміз керек.

Алла Тағала баршамызға осы мұғжизадан сабақ алып, жақсылыққа асығып, жамандықтан тыйылған құлдарынан болуымызды жазсын. Әмин!

Заир Мұхаммадюсуфұлы,

Мұнайшы ауылдық «Ар-Рахим» мешітінің имамы