Исламдағы жастардың бейнесі
Жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші. Ислам дінінде де жастардың орны ерекше. Өйткені адам өміріндегі ең қуатты, ең белсенді кезең – жастық шақ. Дәл осы уақытта адамның сенімі, мінезі, өмірлік бағыты қалыптасады.
Құранда Алла Тағала жастарды ерекше атап өтеді. «Кәһф» сүресінде үңгірге тығылған жас мүміндер туралы айтылады. Олар жас болса да, имандары берік болып, Алланың жолын таңдады. Бұл – жастықтың әлсіздік емес, керісінше үлкен мүмкіндік екенін көрсетеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) да жастықтың жауапкершілігін ескертіп:
«Қиямет күні адам бес нәрсе сұралмайынша орнынан қозғала алмайды, соның бірі – жастығын қайда өткізгені» деген.
Исламдағы нағыз мұсылман жастың бейнесі – тек құлшылықпен шектелмейді. Ол – ата-анасына құрметті, қоғамға пайдалы, адал еңбек ететін, білімге құштар тұлға.
Бұл ой қазақтың ұлы ойшылдарының еңбектерінде де көрініс тапқан. Ахмет Байтұрсынұлы жастар тәрбиесінің маңызын атап:
«Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп, ұрпаққа дұрыс бағыт берудің ел болашағы үшін шешуші екенін көрсеткен.
Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы жасты түзейтін ең басты күш – ар мен иман деп білді. Оның ойынша, адамды сыртқы заң емес, ішкі ұят пен жауапкершілік тәрбиелейді. Шәкәрімше нағыз жас – адал еңбек етіп, ақ жүрекпен өмір сүріп, арлы ақылмен шешім қабылдайтын тұлға.
Қазіргі таңда жастар көптеген сынаққа тап болуда: әлеуметтік желі, жеңіл өмірге құмарлық, уақытты бос өткізу. Ислам бұл мәселелерге нақты шешім береді – уақытты пайдалы өткізу, өзін дамыту, харамнан сақтану, жақсы орта таңдау.
Қорытындылай келе, Исламдағы жастардың бейнесі – бұл үміт, тазалық және жауапкершілік бейнесі. Ал Алаш зиялыларының ойы осыны қуаттайды: жастар иманды, арлы, білімді болса ғана елдің болашағы нұрлы болады. Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі.
Ақтау қалалық Ержан Хазірет мешітінің наиб имамы
Жаңбырбаев Еламан