blog Images

Ережеп айының қадір-қасиетін білеміз бе?

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Ислам күнтізбесі 12 айдан тұрады және олардың әрқайсысының өзіндік тарихы және өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл күнтізбе бойынша жетінші ай болып табылатын Ережеп айы да осындай ерекшеліктерге ие.

Ережеп – Алла Тағала Құранда жария еткен тыйым салынған айлардың бірі.

«Алланың көктер мен жерді жаратқан күні жазған үкімі (орнатқан заңдылығы) бойынша айлардың саны – он екі, олардың төртеуі – харам айлар. Міне, (адамзаттың игілігі үшін) ең дұрыс әрі мінсіз жүйе – осы. Ендеше, бұл айларда (яғни, қасиетті айларды құрмет тұтпай немесе орнын ауыстыру арқылы) өз-өздеріңе қиянат жасамаңдар» («ат-Тәубә» сүресі, 36 аят).

Имам ат-Табари Абдулла ибн Аббастың (р.а.) бұл аяттағы «өздеріңе қиянат жасамаңдар» деген сөздерге қатысты келесі түсіндірмесін жеткізеді:

«Барлық айларда өздеріңе зиян келтірмеңдер. Алла Тағала төрт айды харам етіп бөлді. Осы айларда жасалған күнә бірнеше есе артады, сонымен қатар осы айларда жасалған игі істердің сауабы да бірнеше есе артады».

Ережеп айы кірген сәтте ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (салаллаһу әләйхи уәсәлләм):

«Уа, Алла! Бізге Ережеп пен Шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» – деп дұға еткен.

Ғалымдар осы мезгіл туралы: «Ережеп айы егін егетін уақыт, Шағбан айы егінді суғаратын, ал Рамазан айы егінді жинайтын уақыт» деп түсіндірме берген.

Сол себепті бұл айда біз алдымызда келе жатқан Шағбан және Рамазан айларына деген дайындықты бастауымыз керек.

Ережеп айында өзге айлардағы секілді нәпіл ораза ұстасақ абзал болады. Оған келесі хадистер дәлел болып табылады.

Айша анамыздың айтуы бойынша пайғамбарымыз Мұхаммед (салаллаһу әләйхи уәсәлләм) дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстауға аса мән берген. Алла елшісі өзінің бір хадисінде бұл жайында былай дейді:

«Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні (апталық) істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын»;

Әр  айдың он үшінші, он төртінші және он бесінші күні ораза ұстау – мұстахап амал.

Әбу Зәрдың (р.а.) риуаяты бойынша, Алла елшісі (салаллаһу әләйхи уәсәлләм) былай дейді: «Әр айда үш күн ораза ұстағың келсе айдың 13, 14, 15-ші күндерінде ұста».

Бұдан бөлек, бұл айда мүбәрак екі түн бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұлардың бірі – Рағайып түні болса, енді бірі – Миғраж түні.

Әрбір мұсылман Ережеп айын тәубемен, оразамен, құлшылықпен және зікірмен өткізуі керек. Қоғам үшін пайдалы істермен де айналысуы тиіс. Хадисте айтылғандай, бұл мүбәрәк айда жасалған жақсылықтардың сауабы еселенетінін ұмытпайық.

Алла Тағала баршамызға Ережеп айын барынша пайдалы өткізуді нәсіп етсін. Әмин!

Оразбай Түркменбайұлы,

Рахат ауылдық «Оразмағанбет ахұн Тұрмағамбетұлы» мешітінің имамы