blog Images

Бүгінгі қыз- салиқалы әйел, ертеңгі ана

Қазақта ананы мейлінше құрметтеп, оны бір отбасының ғана емес, бір рулы елдің, бүтін ұлттың тәрбиесіне жауапты тұлға деп қараған. Отбасында қызды жат жұрттық санап, еркелеткен. Сондай-ақ, халқымыз  қыз баласының тәрбиесіне о бастан көңіл бөлген. Өйткені, бүгінгі тұлымшағы желбіреген ерке қыз – ертеңгі келін, сүйікті жар, абзал ана. Кішкенесінен қызға отбасындағы орнына, мінез-құлқына, киім киісі мен жүріс-тұрысына зор мән берген. «Қызға қырық үйден тыйым» деп, қыздың абыройы мен болашағына қам жеп, ешқашан немқұрайлы болмаған.
Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі-иманды да инабатты қыз, сыпайы да әдепті келін тәрбиелеу болып отырғаны ешкімге жасырын емес. Асыл дініміз де қыздың отбасындағы орнын ерекше көріп, қыз бала тәрбиелеп отырған адамға артықшылықтар берген.
Құранда қыз тәрбиелеудің маңыздылығы туралы көптеген хадистер бар. Бір хадисте «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе, оларды жақсы жерге тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатқа кіргізеді» делінсе, тағы бір хадисте «Дүниеге қыз келген уақытта Алла тағала ол жерге періштелерді жіберіп, сәлемін айтып: Мына үйдің тұрғындары, сендерге сәлем болсын,-дейді. Періштелер қанаттарымен жаңа туылған қызды қорғаштап: Қандай әлсіз, қорғансыз еді, әлсіз денеден шықты. Егер, әкесі оны тәрбиелеп өсірсе, қияметке дейін оған Алланың жәрдемі болады» делінеді.
Қасиетті Құранда әйелдерге арналған «Нисса», «Мәриям» сүрелері бар. Сондай-ақ, Бұдан басқа Алла тағала «Талақ», «Тахрим», «Ахзаб» және «Нұр» сүрелерінде әйелдің мәртебесін, оның құқықтары мен міндеттерін ашық баяндаған. Бұл сүрелер мен аяттардан әйел баласына қаншалықты көңіл бөлінгенін анық аңғаруға болады.
«Ниса» сүресінің 19-аятында «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар»  делінген. Сүйікті пайғамбарымыз -Мұхаммед /с.ғ.с./ «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі-мінез-құлқы жақсы болғандар. Сендердің ең ардақтыларың- жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың» деп әйелді аялап, мейірім көрсетудің қажеттілігін айтып өткен.
Өкінішке орай, қазіргі қоғамда әйелге қол көтеру, бала-шағасын тастап кету, қыз-келіншектердің құқықтарын таптау секілді жағымсыз әрекеттер орын алып жатыр. Нәзік жанды, әлсіз топтың өкілі саналатын- жан жарына  зорлық-зомбылық көрсететін ерлердің бұндай қылықтары көңілді жүдетеді.
Алла елшісі «Мүмін ер адам еш уақытта мүмкін әйелді жек көруші болмасын. Егер де, қандай да бір мүмін әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар» дейді.
Тарихқа көз жүгіртсек, халқымызда ардақты аналар мен батыр қыздар, көреген келіндер мен ақылды әжелер көп болған. Бойына қарапайымдылық пен имандылықты, сыпайылық пен ақылдылықты, батырлық мен даналықты сіңіріп, тарихта ізгі аттары қалған Домалақ ана, Айша Бибі, Жәния ана, Бопай ханым, Ұлжан, Зере аналар соның дәлелі.
Әйел салиқалы болса, бақытты болса, отбасы түзеледі, отбасы түзелсе, ел түзеледі, ізгілік пен адамгершілік құндылықтары салтанат құрады. Олай болса, бүгінгі қыз, болашақ жар, салиқалы әйел, ертеңгі ананың тәрбиесіне мән беру, оған атсалысу-барша қоғамның міндеті.

Ақмарал Қазиева,
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің ұстазы