blog Images

БІР ҒАНА КҮНӘ ДЕМЕ!

Не болыпты «бір ғана күнә ғой» – деп ойлама!

Бір күнә жасау арқылы бірнеше үлкен қателік жасағаныңды біл!Өйткені күнә: Алланың тыйымын жасау немесе Оның әміріне құлақ аспау яғни, Аллаға бас көтеру, қарсы келу болып табылады. Мысалы: ғайбат, өсек айту, жала жабу, құмар ойнау Алланың тыйымын жасау болып табылады. Ал намаз оқымау, ораза ұстамау, зекет бермеу, Алла жабуыңызды әмір еткен жерлерін жаппау сияқты істер Алланың әмірін орындамау болып табылады. Сондықтан бір күнә жасағаныңда мына нәрселерді де жасаған боласың. Сол үшін де «бар болғаны бір күнә ғой» деп ойлама!  Өйткені:

  1. Күнә жасағаныңда Раббыңның ашуына тиген боласың. Өйткені, күнә жасау, Аллаға қарсы келу, бас көтеру болып табылады. Алла Тағала өзіне қарсы келгендерді ұнатпайды және өзіне бас көтергендерді қаламайды.(1) Фатиха сүресінде: «Алланың қаһарына ұшырағандардан» болмау үшін әр күн бес уақыт намаздың әр ракағатында дұға етеміз. Яғни Алла, өзінің қаһарын туғызатын істерден ұзақ тұруды талап етуде.
  2. Күнә жасағаныңда шайтанды сүйсіндірген боласың.

Шайтан адамның қас дұшпаны. Оның жалғыз дерті әрі міндеті адамды тура жолдан шығару. Өзі сияқты адамды да Раббысына қарсы шығару. Күнә істегеніңде шайтанның соңынан ерген боласыз(2) және Раббыңмен араңды ұзақтатқаның үшін шайтанды сүйсіндірген боласың.

  1. Күнә жасағаныңда тозаққа жақындаған боласың.

Тозақ, иман етпегендердің және иман еткен хәлде күнәлары сауаптарынан көп болғандардың баратын азап жұрты.(3) Істеген әрбір күнә, сені тозаққа бір қадам жақындатады. Ұмытпа!

  1. Күнә жасағаныңда жәннаттан ұзақтаған боласың.

Жәннат және тозақ бір-біріне қарама-қайшы екі тарап. Біріне жақындау, екіншісіне ұзақтау болып табылады. Сен Аллаға қарсы келіп бір күнә жасағаныңда тозаққа бір қадам жақындаған боласың, сонымен қатар жәннаттан бір қадам ұзақтаған боласың.

  1. Күнә жасағаныңда жазушы періштелерге ренжіткен боласың.

Құранда білдірілгенге қарағанда періштелер, момын мұсылмандардың мейрімділікке қол жеткізуі, жамандықтардан ұзақ тұруы үшін Аллаға дұға етеді.(4) Жағдай осылай болғандықтан құл күнә жасағанда ол мейрімділіктен мақұрым қалады, жамандыққа қадам басқаны үшін періштелер де бұл жағдайға күйінеді. Бір адамның, ғайбат өсек айтуы, ішкілік ішуі немесе құмар ойнауы сияқты жаман істеріне періштелерді куәгер етуі оларға қиындық тудырады.

  1. Күнә жасағаныңда Пайғамбарымызды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ренжітіп күйіндірген боласың.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), қайтыс болғаннан кейін үмбетінің жасаған амалдары өзіне ұсынылатынын білдірген. Тірі кезінде үмбетінің қиындыққа ұшырауы өзіне қалай қиын келген(5) болса, үмбетінің күнә істегенін білгенде әлбетте ренжиді және күйінеді.

  1. Күнә жасағаныңда, қайтыс болған туыстарыңды қайғыртқан боласың.

Бір хадисте Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Расында амалдарың өлілер арасында туыстарыңа ұсынылады. Егер хайырлы/сауапты іс болса олар суйсініп қуанады. Олай болмаған жағдайда олар былай дейді: «Уа, Алла! Бізге һидаят бергеніңдей, оларды да һидаятқа жеткізбестен өлтірме!» (6)

  1. Күнә жасағаныңда жүрегіңді кірлеткен боласың.

Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде, істелген әрбір күнә себебінен құлдың жүрегіне бір нүкте түсетінін, құл күнә жасаған сайын жүрек қараятынын, соңында жүрек көмір сияқты қап-қара болатынын айтылуда.(7) Жүректің қараюы деген, кісінің ақылының дұрыс жасамауы яғни, иманына сай амал жасай алмауы. Күнәға батқан адам ақиқатты көрмейтін, ойлау қабілеті дұрыс емес, пайда мен зиянды нәрсені айырамайтын хәлге келеді.

  1. Күнә жасағаныңда дене мүшелеріңді өзіңе қарсы куәлік еткен боласың.

Бірнеше аятта қиямет күнінде кісінің мүшелері өзіне қарсы куәлік ететінін хабар беруде.(8) Күнә істегендердің мүшелері әрбірін істеген күнәларын баяндайды.

  1. Күнә жасағаныңда жерді өзіңе қарсы куәлік еткен боласың.

Бір аятта қиямет күні жердің өзінің хабарларын баяндайтынын айтады.(9) Жердің хабарлары, кісінің жер үстінде жасаған істері. Күнә істегендер жайында жер: «менің үстімде мына жамандықтарды жасады» деп куәлік етеді.

Бұдан басқа күнәнің зияндары жайында көп нәрселерді айтуға болады. Алайда, біз осылармен шектелеміз. Жоғарыда айтылғандардан мынаны түсінеміз; бір кұнә жасау арқылы әлемдердің Раббысынан бастап, періштелер, пайғамбарымыз және туыстарымызды ренжіткен, ал қас дұшпанымыз шайтанды да сүйсіндірген боламыз. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) не үшін тәубе және истиғфар етуді(10) көп үгіттегенін түсінеміз. Өйткені бұл зиянды күнәнің нәтижесінен (жазасынан) құтылудың бірден бір жолы өкініп Алладан кешірім сұрап тәубе ету және істемеу!

 

(1) Ниса сүресі 107-аят.

(2) Ниса сүресі 118, 119, 120 және 121-аяттары. Ибраһим сүресі 22-аят.

(3) Ниса сүресі 56-аят. Ағраф сүресі 36-аят.

(4) Мумин сүресі 7-аят.

(5) Тәубе сүресі 128-аят.

(6) Имам Ахмад, Мүснәд, 12683

(7) Имам Тирмизи, Сүнән, Тәфсирул-Құран, 83.

(8) Фуссилят сүресі 20, 21, 22 және 23-аяттары.

(9) Зілзала сүресі 2,3 және 4-аяттары.

(10) Имам Бухари, Дағауат, 3. Имам Муслим, Зікір, 42.

 

             Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің ұстазы Марат Жарылқапұлы