blog Images

БЕКТЕМІС ЕРЖАН ХАЗІРЕТ

Ержан Төлегенұлы 1888 жылы Маңғыстау облысының Керел жерінде (қазіргі Қаражанбас) дүниеге келді. Бозашы түбегіндегі Уаққұм, Кас­пий теңізі жағалауындағы елді мекендерде өмір сүрді. Жасынан зеректігімен танылып, Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде білім алды. 1926 жылы дін мектебін бітірген соң елге келіп, Тұщықұдықта Айдар ишанның мешітінде молда болып бала оқытты. Кейінірек құм бойынан мешіт салып, ауыл балаларына әліпби үйретіп, оларды қайырым мен мейірімге, обал мен сауапқа тәрбиеледі. Оның салдырған мешітінің аты Сорқұдық еді. Мұсылманша сауатшылығы үшін қуғын-сүргінге ұшырап, үш рет (1932, 1937, 1942 жылы) түрмеге отырып шықты.

Ержекеңмен түрмеде талай бірге отырған Құлшарұлы Бекен қарт Ержан хазіреттің ұлылығын бойлай еске алып, «Шыдамы берік, төзімі болаттай Ержекең түрмеде тамақ болмай аштан-аш қалған кездерімізде біздерді сабырға шақыратын: «Құдай жеткізер, уәйім айта бермеңдер, Алла жар болса аш қалмаспыз» — деп тоқтам айтып, қолтығымыздан демеп күш беріп, сенімімізді беркітіп отыратын. Айтса айтқандай, біраз шыдасақ болды, сырттан азық келіп қалушы еді…»- деген болатын.

Ержан хазіреттің адами қасиеттерін жеткізіп айту екінің бірінің қолынан келе бірмейтін іс. . Оның ісі, сөзі, жүріс-тұрысы, кісілерді жеткізіп айту екінің бірінің қолынан келе бірмейтін іс. Өйткені ол кісінің қасиеттері жай адамдардан өзге, пенде деген ұғымнан жоғары еді. Оның ісі, сөзі, жүріс-тұрысы, кісілер мен амандасуына дейін өзгелерден өзгеше, айырықша мейірімділігімен замандастарының назарын өзіне еріксіз аударатын. Ержекеңнің терең діни білімділігі соншалық, онымен ислам дінінің қағидалары. құран сүрелерін түсіндіру, дүниенің жаратылысы, өмір мен өлім жайлы пікір сайыстарына баруға тіпті әжептәуір молда атанып жүргендердің өздерінің де батылы бара бермейтін. Хазіреттің орыс тілін білетіндігі, жоғары математика есептерін де шығара алатындығы, астрономия, жағырапияны меңгергендігі талас туғызбайды, баспа беттерінде айтылып та келеді.

Ержан хазірет молдалық қызметі үшін, жаназа шығарғаны үшін жарлы-жақыбайлардан ақы алмайтын, ал дәулеттілердің үсынған мал-мүлкін түгелдей жоқ — жітіктерге таратып беретін. Ержан хазіретпен рулас бектеміс-жары марқұм Матаев Жақсығат ақсақалдың естелігін де келтіре кетудің артықтығы болмас деп ойлаймыз. Жәкең сөзін:«Кеңес үкіметі кезінде «Дін- апиын» деп діни наным- сенімдерді жоюға бағытталған, оны коммунистік идеологиямен ауыстыру қажет деп шапқылаған партия белсенділері көп болды. Сол тұста облыстан(Гурьев) келген бір партия қызметкері «осы сіздердегі Ержан деген молдаға діни уағыздарын қойғызу, оны діннен бездіру керек» деп қайта-қайта талап қоя берді. Мен сол тұста үжымшар басшысы едім. Ержекеңе дінге қарсы үгіттің ешқандай жүрмейтінін жақсы білемін. Содан қулыққа көшіп, Сіз де сөйлесіп көріңізші, мүмкін үлкен орынның беделді адамы болғандықтан сөзіңізді қабыл алып, мұсылмандық жолдан бас тартар деп қойдым. Ол кісі барсам барайын — деді. Біздер үйге кіріп, таныса бастағаннан кейін-ақ, Ержекең өзіне тән байыптылық, шешендікпен сөз бастап кетті. Шай кел¬ді әңгіме айтылып жатыр… бір кездері ет келді, Ержекеңнің оралымды, ойлы сөздері жалғаса түсуде… Әлгі обком қызметкері Ержекеңе «кеңес» беріп, дінге қарсы үгіт- насихат айту былай тұрсын, тіпті сөзден қалды. Мұсылман дінінің имандылығына өзі де сенгендей болып, астан кейін рұқсат сұрап, әрі осында келгендегі әбес ниеті үшін кешірім өтініп кетумен болды.

Әрі шежіреші, әрі шешен, діни білімді, «Адайдың Алшыны» атанған Меңдалиев: «Мен Ержекеңді жақсы білетін адаммын. Ержекеңнің білімі де, ақылы да көл-дария еді. Ол Маңғыстаудың қараойында мұсылманның қасиетті діні үшін бір туып кеткен тұлға ғой. Ержекең тұрмыстың тауқыметін, айдаудың ауыртпалығын, қамаудың қиян-кескі қиыншылығын көріп жүрсе де, ешқашан пендешілік жасап, мұсылманшылық жолынан тайғақтамаған»-деуші еді.

Маңғыстаудың белгілі діни білімді, молда, тақуаларының өзі арнайы ат сабылтып Шиліқұдық жерінде тұратын Ержекеңнің алдынан өтуге жиі барып тұратын. Олар Ержанның терең білімін, дін жолындағы үлкен ұстаз екендігін мойындап, оның алдында өздерін кіші санап, қолын алып қайтуды өздеріне зор мәртебе деп білген.

Ержан хазіреттің бар байлығы кітаптары еді. Ол бос кездерінің барлығын кітап оқуға арнап өткен. Олардың арасында араб, парсы, түркі, татар тілдеріндегі кітаптардың болуы Ержекеңнің осы тілдерді де меңгергендігін байқатады. Ержекең тұтынған кітаптардан Имам Абдулла Мұхаммед бин Салламаның «дақоий қул ахбар» және Ахмад бин Али Аскаланидің «мунаббиһат» атты кітаптары араб тілінен маңғыстаулық жас діндар, жорналшы Себасов Марат Бақбергенұлының аударуы және баспаға дайындауы арқылы жарық көрді. Бұл кітаптарды жеткізуші Ержекеңнің ізбасары Төлесін молда болған Ержекеңнің соңында кітаптарынан басқа қалдырған бүкіл өмір бойы халықты имандылыққа, Алланы сүюге, адамзаттың асылы-пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.у.) уағыздарын, құранда айтылған талаптарды орындауға бағытталған насихаты әрбір мұсылман үшін шексіз байлық дер едік.

Ержан хазірет 1966 жылы жасы сексенге қараған шағында дүниеден озды, денесі ежелден елге белгілі Шақпақ ата қауымына жерленді. Ол замандастарына: «Адамның тәні топырақтан жаралған, өлген соң топыраққа араласуға асығады. Өлген адамға аса биік, сарайдай етіп там салу қажет емес. Бұлай ету бәсеке-байрақ, мұны шариғат қолдамайды. Барлықты, байлықты жарыстырмай, шашылып-төгілмей-ақ ит-құс түспейтіндей үсті ашық биіктігі бір жобадағы там салса болады және бұл менің ойдан шығарғаным емес, атам заманнан бері қарай келе жатқан мұсылман халықтарының бізге, болашаққа қалдырған өсиет-өнегелері», – деген екен.

Ержан хазіреттің қалдырған өсиеті бойынша Шақпақ атада ықшам, үсті ашық там салынған. Ата-бабамыз белгілі бір қауымға қайтыс болған кісіні қойғанда оның алдындағы аты елге мәшһүр, сыйлы, қасиетті деп саналатын адамға салынған тамнан артық кесене салуды әдепсіздік санаған. Ержекеңнен кейін өмірден озған, оның білімді, сенімді шәкірті Қарағұл Жәнібекұлы молда да Шақпақ ата қауымында жерленген. Оған салынған там аласа, шағын ғана.

Маңғыстау облыстық баспасөз қызметі