blog Images

БАС ИМАМНЫҢ ҚАДІР ТҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

ТҮНДЕРДІҢ ҚАЙЫРЛЫСЫ – ҚАДІР ТҮНІ

Әлемдердің Раббысы Алла тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар болсын!

Құрметті Маңғыстау облысының тұрғындары! Қадірлі ағайын!

Міне Аллаға шүкір, Қасиетті Рамазан айының соңғы он күндігіне де аман-есен жетіп отырмыз. Жаратқан Алла қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

Рамазан мейірім, молшылық айы болса, сол қасиетті айдың маңызын Қадір түні тіпті мәнді ете түседі. Алла тағала айлардан – Рамазанды, күндерден – жұманы, түндерден Қадір түнін артық еткен. Бұл түнде әлем мұсылмандары үшін өмірлік қағиданың негізі болып табылатын қасиетті Құран Кәрім Хазіреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түсіріле бастаған. Қасиетті Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде: «Қадір түні мың айдан қайырлы», – делінген. Бұл түнде періштелер жерге түседі.  

Өтіп бара жатқан Рамазанның соңғы сәттерінде Алла Тағала біздің бойымыздағы шынайы әділдікті оятып, тақуалықтың жаңа деңгейлеріне көтеріліп, шынайы бақытқа жол көрсетсін.

Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір түнінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай. Әмин!

Құрметпен, ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы

 Елжанов Әнуар Ізімбайұлы