Балаға ат қою рәсімі жайлы бірер сөз
Жаңа туған нәрестеге көркем, үйлесімді және мағыналы есім қою – ата-ананың басты міндеті саналады. Сол себепті қазақ халқы ертеден баланың атын қоюға ерекше мән берген.
Әрбір іс-амалын дінімен астастыра білген халқымыздың ат қою рәсімі барысында міндетті түрде азан шақырылады.
Шариғатымызда жаңа туған баланың құлағына азан шақырудың бірден-бір мақсаты – оның тұла бойына имандылықты сәби кезінен сіңіру болып табылады. Себебі азанның мәтінінде адам баласының Алла Тағалаға деген сенімі мен мұсылмандығын айғақтайтын куәлік сөздер қамтылған. Мұнымен қоса азан айтудың тағы бір сыры – азан сөздерінен шайтанның ат-тонын ала қашатынында.
Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, үлкен адам болсын деген үмітпен жасы үлкен, құрметті кісіні шақырып, баланың есімін оны бесікке бөлер алдында қоятын болған.
Бұл рәсім туралы қазақтардың салт-дәстүрін зерттеушілердің бірі Юрий Бошняков былай деп жазады:
«Баланы бесікке бөлерде күн ілгері ауыл-аймаққа хабар беріліп, әркім қал-қадірінше той жасайды. Тойға жиналғандар балаға қатысты екі шараны жүзеге асыратын болған. Бірінші кезекте балаға ағайын-туысының ұйғарымымен өздері іштей құптап жүрген есімді қою. Мұны сол ауылдың ең беделді азаматы сәбиді қолына алып азан шақырып, үш рет бала есімін құлағына қайталайды. Ал, ақсүйек әулеттердің баласына есімді молда құран оқып, кітапқа қарап қояды. Мұнда көптеген ырым-жорамал бар. Маңдайы нұрлы болып туған бала тіл-көзден аман жүруі үшін оған Итаяқ, Күшік, Жаманбала, Сасықбай деп, әдейі жиіркенішті есім қоя салады. Баламның аты затына сай болсын деп небір жаһангер қолбасшы, дінбасы, пайғамбар есімдерін де беретіндер болған. Бірақ, олардың есімін әке-шешесі ержеткенше жасырын атап жүреді. Себебі, бала ол есімді көтере алмай, өліп қалуы ықтимал деп жорыған».
Бұл мәліметтен баланың атын ырымдап қою – бұрыннан келе жатқан үрдіс екенін көруге болады.Дегенмен, ырымдап қойылған есімнің өзі жақсы мағынада болуы керек.
Осы мәселеге қатысты адамзаттың мырзасы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Сендер Қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса балаға көркем есім қойыңдар», деп айтқан
Балаларды пайғамбарлардың, тақуа, ізгі тұлғалардың есімдерімен атаған дұрыс. Қазақ мұсылманшылықты ұстанғаннан кейін Алла Тағаланың көркем есімдерінің алдына «ғабд» (құл) сөзін қою арқылы, Ғабдірахман, Ғабдірақым, Ғабдімәлік және т.б. есімдерді де қояды.
Мәні мен мағынасы жоқ, шариғатымызға қайшы келетін есімді балаға қоюға тыйым салынады.
Баланың есімі ол өмір сүретін ұлт пен әлеуметтік ортаға сәйкес келгені жөн.
Бұдан бөлек жаңа туған нәрестенің есіміне куә болып, оған дұға ету үшін ат қою рәсімін ағайын-туыс, құда-жекжат және жақын достардың ортасында өткізген абзал болады.
Алла баршамызға салиқалы ұрпақ нәсіп етсін деп тілеймін. Әмин!
Заир Мұхаммадюсуфұлы,
Мұнайшы ауылдық «Ар-Рахим» мешітінің имамы