Ақиретке қалай сеніп жүрміз?
Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
Құран аяттары мен ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде адамның екі өмірі бар екені айтылады.
Біріншісі – уақытша, белгілі бір мерзіммен шектелген, яғни қамшының сабындай қысқы өміріміз.
Екіншісі – мәңгілік, өлімнен кейінгі немесе қиямет күнінен кейінгі мәңгі өмір.
Бірінші өміріміз – бұл Алла Тағала тарапынан келген сынақ, емтихан. Ал екінші өмір – бұл есеп-қисап және дүниелік өміріміздегі сынақтардан сәтті немесе сәтсіз өткендер үшін берілетін сыйақы немесе жаза.
Исламда ақірет күні жайында екі ұғым бар: «кіші қиямет күні» және «ұлы қиямет күні». Кіші қиямет деп, адамның қайтыс болуы және оның қабірде болу уақыты айтылады. Ал, ұлы қиямет келесі оқиғаларда көрініс табады: қиямет күнінің кіші және үлкен белгілерінің орын алуы, содан кейін өлгендердің қайта тірілуі, адамдардың осы дүниеде жасаған істері үшін есеп беруі, амалдарының таразыда өлшенуі, Сырат көпірінен өтуі және Алланың қалауымен, жұмаққа не тозаққа орналасуы.
Мұсылман ақірет күніне және сол күні барлық тіршілік иелері жойылатынына сенуге міндетті. Сондай-ақ, бәрі қайта тірілетіндігіне және Алла Тағаланың барлық құлдарынан тірі кездерінде жасаған амалдарының есебін сұрайтындығына, содан кейін ол мүміндерге сауабын беріп, күнәһар мұсылмандарды уақытша, ал иман етпегендерді мәңгілік тозақта азаптайтындығына иман келтіруіміз міндет болады. Сонымен бірге, қиямет күні туралы Құран мен хадистерде айтылғанның бәріне иман келтіру шарт.
Құранда қиямет күніне иман туралы былай делінген:
«(Құранға және Алла елшісіне) иман келтіргендер, яһудилер, христиандар және сабиилер, осылардың арасынан кімде-кім Аллаға және ақирет күніне кәміл иман келтіріп, һәм игілікті істер атқаратын болса, Раббыларының дәргейінде дәрежесіне қарай әрқайсысының алар сауабы бар. Олар үшін ешқандай да қорқыныш жоқ, сондай-ақ олар әсте қамықпайды» («әл-Бақара» сүресі, 62 аят).
«Кімде-кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақирет күніне иланбай, күпірлік қылса, онда шүбәсіз, хақ жолдан мүлдем алыстап, қатты адасқан болады» («ан-Ниса» сүресі, 136 аят).
Бірде пұтқа табынушылардың бірі ескі шіріген сүйекті қолымен үгітіп, сол үгіндіні пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бетіне үрлеп: «Шаңға айналған бұл сүйекті кім тірілтеді?», деп сұрады.
Жаратушы Алла пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сұраққа келесі сөздермен жауап беруін бұйырды:
«Оларға: «Ол сүйектерді әу баста кім жаратса, қайта тірілтетін де Сол. Ол қалай жаратуды һәм әрбір жаратылысты толыққанды біледі» («Ясин» сүресі, 79 аят).
Көріп отырғаныңыздай, бұл дәлел Құдайдың бар екенін мойындайтын адамдарға бағытталған. Бұл әлемді жаратуға құдыреті жеткен Алла, қалаған тіршілік иесін өлтіріп, оны екінші рет қайта тірілте алады.
Қиямет күнінің орнайтындығына ашық ақыли дәлелдерге келетін болсақ, ислам ғұламалары «абсолютті әділеттілік» деп аталатын дәлелге жүгінеді.
Оның мәні адамдардың өмірі әр түрлі болатындығында. Егер біреулер әділетті өмір сүрсе, қоғамның игілігі үшін жұмыс жасаса, өз мүлкін мұқтаж жандарға көмектесу үшін берсе, зұлымдықпен күрессе, ал басқалары мүлдем қарама-қарсы өмір салтын жүргізеді. Кейбіреулердің күнәсінен жүз мыңдаған тіпті, миллиондаған адамдар қайтыс болады.
Нәтижесінде, бірінші топтағы адамдар өздеріне лайықты марапатқа қол жеткізбей өледі, ал екіншілері жазаланбай өледі. Сау адам әділеттіліктің салтанат құруын талап етеді – қаскөйлер жазалансын, ал салихалы адамдар сыйақы алсын дейді.
Демек, дінде қиямет күні деп аталатын, абсолютті әділеттілік орнайтын күн келуі керек. Бұл дәлелден теологтар екі түрлі қорытынды жасайды. Біріншісі – Жаратушының әділеттілігі қиямет күнінің болатындығына дәлел, ал екіншісі – адамның әділдікке деген ұмтылысы, адамның шөлдеуінің судың бар екендігін көрсеткені секілді әділеттіліктің бар екенін көрсетеді.
Исламдағы ақирет күні ғайып іліміне жатады, оның келуіне деген сенім ерекше құнды болып саналады және Құран аяттары мен хадистерде Алланың бар екеніне сенумен қатар жиі айтылады.
Ислам ақидасына сәйкес Қиямет күні міндетті түрде келеді. Құранда бұл туралы былай делінген:
«Қиямет сағаты міндетті түрде келеді, онда шәк жоқ. Алайда адамдардың көбі (бұған) сенбейді» («Ғафир» сүресі, 59 аят).
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірқатар хадистерінде бұл күннің жақын екендігі айтылады.
Бірде сахабаларына уағыз айтып тұрып, Алла елшісі былай деді: «Қиямет пен мен бірге былай жіберілдім», деп сұқ саусағы мен ортаншы саусағын қимылдатып көрсеткен.
Бірақ сонымен бірге, оның қашан келетінін ешкім, тіпті пайғамбарымыз Мұхаммедте (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білмеген.
Құранда бұл туралы былай делінген:
«(Уа, Мұхаммед), сондай-ақ оларға былай де: «Сендерді жоқтан жаратып, көбейтіп, жер бетіне жайған да бір Өзі. Ақырында, бәрің Оның дәргейіне жиналасыңдар». Алайда олар: «Егер айтқандарың рас болса, бұл уәде қашан жүзеге асады?» – деп сұрайды. Ендеше, оларға былай де: «Бар ілім бір Алланың құзырында. Мен бар болғаны, ашық ескертушімін» («әл-Мүлік» сүресі, 24-26 аяттар).
Қиямет күніне сенімнің мәні – бұл дүние адамға уақытша ғана тұрақ екендігін ұғындыру және осы бес күн жалғанды қалай өткізіп жатқандығына назар аудару үшін болмақ. Қиямет күніне деген сенім адамның материалдық игіліктерге деген құштарлығын әлсіретіп, рухани құндылықтарды іздеуге, Алланың тыйымдарынан сақтанып, бұйрықтарын адал орындауға түрткі болуы керек.
Қоғамға әкелетін пайдасына келер болсақ, Қиямет күніне деген сенім адамдарды әділеттілікке, зұлымдықпен күресуге, өзара көмекке, әлеуметтік және саяси тұрақтылыққа бағыттауы тиіс.
Бағдат Смағұлұлы,
Жаңаөзен қаласы «Шаңырақ ш/а» мешітінің наиб имамы