Амал күні – имандылыққа, жақсылыққа үндейді
Қазақ халқының көңілі алаң болып, ерекше мән беретін бірден-бір мезгілі – наурыз айы. Бұл кезде ел қыстан аман шығып, жадыраған жазды асыға күтеді. Даналарымыздан қалған сөзбен айтсақ «өлінің әрі тартар, тірінің бері тартар, жуанның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер мезгілі». Дәл осы уақытта Амал мерекесі кіреді.
Бұл мерекенің тарихына үңілсек, ертеректе көшпенді өмір сүрген ата-бабаларымыздың қыс айларында бір-бірімен көрісе алмай, көктем шығып, күн жылына бастағанда сағынысып, амандық-саулық сұрасуы – бүгінде ізгі дәстүр ретінде сақталып қалған. Сол себепті аталмыш мерекені Көрісу күні деп те атайды.
Этнолог ғалым Серік Әжіғали «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары (біртұтастығы мен ерекшелігі)» деген кітабында 14 наурызда атап өтілетін Көрісу күні туралы былай деп жазады:
«14-наурызда көрісу дәстүрін атап өтудің еш ерсілігі жоқ. Ежелден ислам дінін діңгегім деп санаған халқымыз қашан да шариғат талаптарына сай әрекет етіп, салт-дәстүрін де осымен ұштастырып отырған. Бұл да ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан дәстүрлеріміздің бірі. Араздасқан адамдар татуласып, табысып жатса Наурыз мейрамының маңызы арта түскені. Қалай десек те, көрісу имандылыққа, жақсылыққа үндейді. Үлкен мен кіші арасында сыйластық, сыпайылық орнайды. Әрине, өркениетке өрісті қадам басып бара жатқан кезеңде осындай төл дәстүрімізге жаңаша өрнек беріп, оның тәрбиелік мәнін аша түсуге әбден болады».
Өз кезегінде түркітанушы ғалым Мұрат Сабырболса:
«14 наурыз «Көрісу айты» – көрісу күні емес. Ауызекі тілде көрісетін күн дегенмен, бұл бір күнмен шектелмейтін мейрам. Ежелде күллі қазақ даласында болған мереке, кейін ұмыт қалып, Батыс аймақтарында сақталған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбаларында ертеде «14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурызнама» тойлайтын еді, Ол 8, 9 күнге созылатын еді» дейді. Яғни 22 наурыз күн мен түннің теңелуі, мерекенің шыңы. Қыс мезгілінің толық бітуі. Ал қыстан аман-есен шыққан қазақтар, қыс бойы бірін-бірі көре алмаған ағайын туыс, қозыдай жамырасып көрісіп, «бір жасыңмен» деп амандасатын болған. Оның шектеулі күні жоқ, наурыздың 14-нен бастап 1 айға дейін қыстай көрмеген ағайындар іздеп келіп, қауқылдасып көрісетін болған», деген пікір білдіреді.
Ақсақалдарымыздың айтуынша «Бір жасқа шығуыңмен!» деген тілектің өзінің мәнісі бар. Бұл тілектің астарынан «Қыстан аман шығып, Жаңа жылға қадам басуыңмен» деген ойды аңғаруға болады.
Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілеуі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс.
Демек, бұл мерекенің негізінде – ашықтық, жанашырлық, мейірімділік қайырымдылық сияқты ізгі қасиеттер жатыр. Олар өз кезегінде бірлігі бекем, тірлігі келіскен, ынтымағы жарасқанқоғамның, елдің қалыптасуына септігін тигізеді.
Сондай-ақ қоғамда қалыптасқан салт-дәстүрлер мен әдеттер шариғатқа қарсы келмесе, оларды орындаудың еш оғаштығы жоқ екенін айта кеткеніміз жөн.
«Ырыс алды – ынтымақ», «Байлық байлық емес, бірлік – байлық», «Бірлік түбі – береке» деген ата-баба өнегесін бекем ұстанып, осы айтулы күні барлық іс-шараларды бірлесе атқарған халқымыздың ел арасындағы бірлікті, татулықты ерекше бағалайтынын байқауға болады.
Осы күні Алла Тағала баршамызға рухани қуанышты және Өзінің мейірімділігін сезінуді нәсіп етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әмин!
Оразбай Түркменбайұлы,
Рахат ауылдық «Оразмағанбет ахұн Тұрмағамбетұлы» мешітінің имамы