Бас имамның Алғыс айту күнімен құттықтауы
Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті Маңғыстаулықтар!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің, жергілікті дін қызметкерлерінің және өзімнің атымнан сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің құтты мекеніне айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқына деген терең тағзымының бір нышаны.
Кең пейілді халқымыз әуел бастан достыққа, тату көршілікке ерекше мән берген, қолындағы барын бөлісіп, жақсылыққа лайықты алғысын айта білген. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашанда келешегі кемел болары анық.
Ендеше, атқарар ізгі істеріміз бен айтар алғысымыз көп болсын дегім келеді. Елімізге тыныштық пен үндестік, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!
Әнуар қажы Ізімбайұлы,
Маңғыстау облысының бас имамы