Маңғыстау имамдарына арналған үш күндік семинар аяқталды
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Діни басқарманың кеңейтілген Төралқа мәжілісінде 2023 жылы атқарылатын жұмыстардың бес бағытын бекіткен болатын. Соның ішінде діни оқу-ағарту бағытына ерекше көңіл бөлу қажеттігі айтылды. Осыған орай, Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде өңіріміздің дін қызметкерлеріне арналған үш күндік ақпараттық-танымдық семинар өз жұмысын аяқтады.
Ақтау, Жаңөзен қалалары және Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарына қатысты мешіттердің бас имамдары, наиб имамдары және ұстаздарына Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы және облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұстазы Марат Жарылқап «Неке және отбасы құндылықтары», «Исламдағы уақып мәселесі» және «ҚМДБ пәтуаларын насихаттау» тақырыптары аясында дәрістер оқылды.
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы жергілікті имамдарға үш күндік семинарды тәмәмдағанын куәландыратын сертификаттарды табыстай отырып, оларды алдағы уақытта да білімдерін шыңдауға шақырды.
Өз кезегінде дәріс алған дін қызметкерлері іс-шараны ұйымдастырған өңір бас имамына және Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұжымына алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.