blog Images

РАМАЗАН – ҮМІТ АЙЫ

Рамазанға бірнеше күн қалды. Биыл Рамазан айы көктемде келеді. Ұзақ қыстан кейін көктем айларының келуін қалай күтсек, жанымыз да Рамазанды тағатсыздана күтуде.

Бұл ай мұсылмандарға Ислам дінінің бес парызының бірі – оразаны орындауға жол ашады. Ораза бізге һижраның екінші жылы парыз етілді. Оның міндетті құлшылық екендігі туралы Құран Кәрімде былай деп келеді:

«Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін. …» («әл-Бақара» сүресі, 185 аят).

Рамазан біздің ғибадат етуімізді толыққанды етіп, көптеген игіліктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік береді. Себебі Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен құдси хадисте Алла Тағала: «Менің құлым Маған жақын болу үшін не істесе де, олардың ішіндегі Маған ең сүйкімдісі – Мен оған парыз қылған амалдарым» деп айтатындығы келген.

Демек, адам баласы ораза ұстау арқылы ішіп-жеуден бас тартып қана қоймай, Алла Тағалаға ең ұнамды нәрсені жасайды.

Көптеген адамдар, әсіресе діни сауаты төмен адамдар оразаны шектеу деп қабылдайды. Бірақ мұсылмандар үшін кез келген қолайсыздық, егер олар мұны дұрыс ниетпен жасаса, ең үлкен игілікке айналуы мүмкін. Яғни, ораза бойы ішіп-жеуден және шариғатымызда тыйым салынған нәреселерден бойын аулақ ұстаған адам көптеген сауаптарға ие болып, Алла Тағаланың разылығы мен махаббатына ие болады.

Көктем – барлық тіршілік атаулының оянатын кезі. Ол өмірдің жаңаруы мен болашаққа деген үміттің нышаны. Рамазан айы жанымызды да, үмітімізді де оятады. Бұл өмірімізді асыл дініміздің шеңберінен асырмай, әлемдердің Раббысының рақымына ие боламыз деген үміт. Өйткені, Алла Тағала дәл осы Рамазан айында ең көп құлдарын кешіріп, оларға жұмақты нәсіп етеді.

Адам баласы ораза тұтып, тыйым салынған нәрселерден тыйылса, оның бойында өзгерістер болады. Рамазан мүміндер үшін көптеген мүмкіндіктер мезгілі.

Рамазан – ардақты пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әлемдердің Раббысынан алғашқы аяндар түсе бастаған ай. Сондықтан мұсылмандар бұл мезгілде үнемі Құран оқып, сүрелерді жаттап, өз өмірлерін   жақсы жаққа өзгертуге тырысады. Бұл мүміндердің Құран Кәрімді зерттеп, оның аяттарын ой елегінен өткізіп, оларды іс жүзінде қолданатын кезі.

Алла Тағала бізге мейірімін бөледі деген үмітпен, біз де бұл мезгілде ерекше мейірімділік танытуымыз керек. Рамазан айында мұсылмандарға жүктелетін пітір, підия және зекет әлеуметтік жағдайы төмен жандардың мұң-мұқтажын түсініп, оларға шынайы жанашырлық танытудың бірден-бір жолы.

Рамазан айы ізгі амалдардың маусымы. Бұл айда орындалатын ораза парызын аса жауапкершілікпен, тақуалықпен тұтқанымыз ләзім. Сонда ғана мойнымыздағы міндетімізді адал атқарып, Алланың разылығына жете аламыз.

Алла Тағаладан баршамыздың Рамазан айына аман-есен жетуімізді, оны аман-есен өткізуімізді және құлшылықтарымызды қабыл алуын сұраймын. Әмин!

Оразбай Түркменбайұлы,

        Рахат ауылдық «Оразмағанбет ахұн Тұрмағамбетұлы» мешітінің имамы