Тәрбие басы-имандылық
Бүгінгі қоғамда мәселе көп. Соның бастысы-жастардың тәрбиесі мен болашағына алаңдаушылық басым болып отыр. Бала тәрбиесіне жауапты ата-анасы болса, бүгінгідей нарық заманында сананы тұрмыс билеп, әркім өз алдына кеткен кез болды.
Осы орайда, Қорқыт атамыздың “Қыз ақылды ескермес, ана үлгісін көрмесе, ұл жарылқап аз бермес, әке үлгісін көрмесе” деген сөзі еске түседі. Қасиетті Құранның “Тахрим” сүресінде “Уа, иман келтіргендер, өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар” делінген. Бұл аяттың айтар ойы- балаға өнер-білім мен жақсы дағдыларды, әдепті үйретуге саяды. Қазақ халқы бұл бағытта “ Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер” дейді.
Бүгінде жастарды жеңіл ойлап, қиындыққа төзгісіз, тәрбиесіз деп кінәлаймыз. Жалындаған жастар еңбек пен білімге емес, байлық пен дүниеге әуес болып кетті деп өкпелейміз. Бірақ, жастар неге иманды емес деген сұраққа жауап іздемейміз. Бала тәрбиесіне жауапты саналатын ата-ананың дұрыс бағыт бергенімен, балаға айналасы мен достарының, интернет пен әлеуметтік желінің ықпалы көбірек әсер ететінін естен шығарамыз.
Алла елшісі хадисте “Біреулердің баласына әрбір күні жарты сағ әдеп үйретуі бір уыс бидай не құрма садақа бергенінен артық” деген. Сондай-ақ, “Әкенің баланың алдындағы міндеті:жазу-сызуды, жүзуді және садақ атуды үйрету әрі жақсы етіп тәрбиелеу” делінген. Ал, келесі хадисте “Әйел баласына тоқуды үйретіңдер” деп бұйырады. Сүйікті пайғамбарымыз баланы сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру-әрбір ата-ананың міндеті дейді. Яғни балаға әр сөзді, негізгі тәрбиені зор махаббатпен беру керек. Ұрпаққа тек ұлағатты сөз айтқан жөн. Күнделікті ұл мен қыздың жүріс-тұрысына, киім киісіне мән берген абзал. Сонда ғана баланың бойына имандылық пен адамгершіліктің асыл құндылықтарын сіңіруге болады. Исламда жәбір көрушінің, жолаушының және ата-анасының баласына дұғасы қабыл болады делінеді. Ал, қазақ халқы “Не ексең, соны орасың” деп, бүгінгі бала-ертеңгі ата-ана екенін айтып, үлкен мән берген.
Олай болса, бала тәрбиесі-бүгінгі замандағы ең маңызды істердің бірі. Өмірге періштедей пәк келген ұл мен қыз-ата-анаға аманат. Бала қараусыз қалып, жамандыққа тап болса, оның қасіретін бүкіл отбасы, барша қоғам сезінеді. Бала жақсылыққа үйреніп, жақсы әдеттерді бойына сіңірсе, ғылым мен білімге құштар болса, оның сауабын ата-анасы мен елі көреді.
Ерменбет Мамбетсапаев
Ақтау қалалық “Бекет ата”мешітінің ұстазы