blog Images

Отанды қорғау – мұсылманның қасиетті борышы

Асыл дініміз адамның Отан алдындағы әскери міндетін өтеуін, қажет болған жағдайда қару асынып, туған жерін қорғауын барлық мұсылмандарға парыз санайды.

Отанды қорғау – мұсылманның қасиетті борышы. Мұсылман туған елін қорғау арқылы өз үйі мен отбасын, мәдениеті мен дәстүрін, діні мен сенімін қорғайды. Сол себепті дініміз ер адамды қашанда күшті болуға үндеп, оған жауынгер, қамқоршы һәм әлсіздердің қорғаушысы ретінде қарайды.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалар өмір сүрген дәуірге қарасақ, сол кездің өзінде белгілі бір әскери құрылымдардың болғанын көреміз.

Сарбаз атанып, ел шекарасын қорғаушылар туралы «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді. Біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз. Екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» деген хадис бар екенін де білеміз.

Осыны түсінген ата-бабамыз қасық қаны тамғанша күресіп, бізге осынау ұланғайыр жерді мұра етіп қалдырды.

Ел қауіпсіздігінің бірден-бір кепілі – қуатты әскер. «Ел – ерлерімен еңселі» демекші, туған жеріне деген сүйіспеншілік пен адалдықты түсінген азаматтардан құралған әскер ғана мықты болады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса ол патриот емес» дегені осы сөздерімізді айқындап тұр.

Мемлекет мүддесін қорғау, оның қауіпсіздігіне үлес қосу – пенденің Алла алдындағы ең маңызды парызының бірі, нағыз ер азаматқа лайықты іс.

Иманды жандар, жүрегі түзу мұсылмандар өзінің Отанын қастерлеу, өзінің Отанын қорғау, Отанын сүю киелі ұғым екенін білуі керек.

Осы заманда еліміздің бейбітшілігі мен тыныштығы біздің қолымызда екенін жіті түсінуіміз керек.

Тәуелсіз еліміздегі тұрақтылықты сақтау, аспан түстес байрағымыздың түбінде тұрып шекарамызды күзетіп жүрген айбынды әскерлеріміз жауынгер ұрпақтың ерлік дәстүрін лайықты түрде жалғастырады деп сенеміз.

Жаратушы Алла елімізді сыртқы жаудан сақтасын. Жерімізді көзіміздің қарашығындай сақтауды баршамызға нәсіп етсін. Әмин!

 

Заир Мұхаммадюсуфұлы,

 

Мұнайшы ауылдық «Ар-Рахим» мешітінің имамы