Ер қадірін жақсы әйел білер
Халық даналығы «Жақсы әйел-жаман еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркектің басын көрге сүйрейді» деп о бастан отбасындағы әйелдің орнын белгілеп, жақсы әйел ер қадірін білер деп топшылаған. Ал, қазақтың Майқы биі «Жаман әйел ер қадірін білмес» десе, тағы бір халық нақылында «Ер жігіттің өлгені, ессіз болса алғаны» делінеді. Яғни әйелі жаман болған үйде береке де, татулық та, бақыт та болмас.
Бүгінгі күні адамның кез келген ортада өзін-өзі ұстай білуі аса маңызды. «Ақ орданы алпыс еркек толтыра алмайды, бір-ақ ақ жаулық толтырады» деген сөз де уақытында бекерге айтылмаса керек. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда еріне бағынбай, оның сағын сындыратын, одан төмен тұрудың орнына, өзін биік ұстайтын әйелдер жетерлік. Мұндай отбасында өскен қыз бала бойжетіп, күйеуге шыққан кезде ерінің айтқанын тыңдамай, өз дегенімен жүргізуге тырысады. Соның салдарынан, көптеген отбасының шаңырағы шайқалып, ер азаматтардың қадірі қашып барады.
Алла Тағала адамды ер мен әйел етіп жаратқан. Әйел- нәзік, әйел-әлсіз, әйел-тез жараланғыш жаратылыс. Дегенмен, әйелге құрметті де маңызды лауазым берілген. Ол-күйеуінің ризашылығын алатын, ерін сыйлайтын салиқалы жар болу, ұл-қыздарының панасы мен саясы болатын ана болу бақыты.
Ал, салиқалы әйелдің сипаттары қандай? «Ниса» сүресінің 34-аятында «Ізгі әйелдер-Аллаға бойсұнады, әрі күйеуі жоқ кезде аманатты сақтайды» делінген. Яғни ізгі әйел Жаратушының құлшылықтарын орындайды және күйеуіне бағынады.
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең жақсы әйел туралы, «Сендердің әйелдеріңнің ең жақсылары-ол сүюші, жиі бала табатын және бойұсынушы әрі күйеулерін мақұлдайтын әйелдер» деген.
Әбу һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте біреу келіп Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай әйел ең жақсы болып табылады?» — деп сұрағанда, ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күйеуі оған қарағанда, ол оны қуантатын, оған әлдебір нәрсе бұйырса, оған мойынсұнатын және оның өзінен немесе оның мүлкін жаратуында күйеуіне бір нәрсе ұнамаса, оған қарсы келмейтін әйел,- деп жауап берген.
Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір әйелден: «Сенің күйеуің бар ма?» — деп сұрайды. Ол: «Иә», — деп жауап береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол саған разы ма?» — деп сұрайды. Әлгі әйел тек бір қылығына ғана ризашылық танытпай, кейде өкпелеп қалатынын айтады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол сенің не Жәннатың, не тозағың. Ендеше, онымен қарым-қатынаста барынша абай бол», — деп ескерткен екен.
Ислам дінінде әйелдің қоғамдағы орны ерекше бағаланады. Нәзік жандылардың құқықтарын ерекше жоғары деңгейге көтерген ислам дінінде ерлер мен әйелдердің адам ретіндегі міндеттері бірдей. Қазіргі жаһандану дәуірінде әйел адам отбасындағы әйелдік және аналық рөлімен қоса, қоғамдық өмірде де көзі ашық, көкірегі ояу тұлға ретінде қарастырылады.
Алла Тағала әйелді еркекке аманат етіп, аманатқа қиянат жасамауын да әмір еткен. Хадисте «Әйелдеріңді ренжітпеңдер. Ол Алла Тағаланың сендерге аманаты» делінеді. Тағы бір хадис шәрифінде «Дүние-өткінші пайда ғана. Оның пайда тигізетін ең қайырлы жаратылысы-ізгі әйелдер» делінеді. Осы хадистерден-ақ, әйел адамның отбасының бақыты, мейірімділіктің тірегі екені анық көрініп тұр емес пе?!
«Жәннат аналардың аяғының астында» деген хадис әйел затының жоғары тұратынын көрсетеді. Олай болса, әйел-ана, әйел-жар, әйел-тұлға. Ал, нағыз әйел отбасының берекесі, ерінің тірегі, балаларының панасы.
Ақмарал Қазиева,
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің ұстазы