Тәуелсіздік -баға жетпес байлық
Тәуелсіздік – талайдың тағдырына бұйырмаған баға жетпес бақыт. Алла Тағланың бізге берген үлкен нығмет-сыйы. Ғасырлар бойы жүргізілген тынымсыз күрес пен қайтпас қайсар бабаларымыздың ерен еңбегі. Сондықтан Тәуелсіздік – біздер үшін аманат. Осы қасиетті құндылығымызды атадан балаға, баладан ұрпаққа қалдыруға үлес қосу кез келген саналы адамға міндет. Ол үшін әрқайсымыз иманды да ибалы болып, еліне жанашыр жан болғанымыз абзал.
Азат елдің діни сенім бостандықтарын қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекет болмаса, онда діннің де, руханияттың да еркін тыныстай алмасы анық. Сонымен қатар, тұрақтылық пен тыныштық орнамаған елде экономикалық ахуал да оңалмайды. Сондықтан, әуелі тәуелсіздік пен тұрақтылық, татулық пен тыныштық қажет деп білемін.
Адам жанына рухани азық, ішкі жан-дүниесіне күш-қуат беретін құндылықтар бар. Соның бірі – дін. Діннің қоғамда алатын орны ерекше. Дін – адам тарихының тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Дін – имандылықтың, парасаттылықтың кепілі. Дін татулығы – халық бірлігі, яғни қоғамда дінаралық келісім болса, сол қоғамда өмір сүріп жүрген халықтың да бірлік пен татулықта болғаны.
Жалпы қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Дін – адам баласын мейірімділікке, қайырымдылыққа, білімділікке үндейді. Бауырластыққа, татулыққа, бейбітшілікке шақырудағы орны да орасан зор. Діннің ел мен елді, түрлі ұлттар арасындағы достық қарым-қатынастарды реттеудегі рөлі жоғары.
Күллі жер шары – барша адамзатқа ортақ үй. Мұны Алла Тағала біздерге аманат етіп берді. Оны сақтау, қорғау бәріміздің борышымыз. Бүгінгі алмағайып дүниеде бейбітшілік пен ынтымақтың күшейіп, дамуы үшін әсіресе дінаралық үнқатысу мен төзімділіктің мән-маңызы зор. Әлемдік діндер арасындағы үнқатысу ерте кездерден бастау алады. Қасиетті Құранның өзі мұсылман жұртшылығын өзге дін өкілдерімен ынтымақ жарастыруға, ортақ түсіністікке шақырады.
Мәселен, Құранның Хужурат сүресінде:
«Я, Адамзат! Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық. Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұлттарға бөлдік. Араларыңдағы ең ізгілерің тақуалықта тым жоғары болғандарың»
— делінеді. Аятқа тереңірек үңілетін болсақ, барша адамзат бір ата мен бір анадан өрбіп өскендіктен баршамыздың арғы тегіміз бір. Бір атаның балаларымыз.
Сондай-ақ, біздің әртүрлі ұлыстар мен ұлттарға бөлінуіміздің астарында танысу мен білісу жатыр. Келесі бір Құран аятында:
«Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылықпен әдептілік сақтап пікір алысыңдар»
. Міне, қасиетті Құранның дәріптеп отырған насихаты осы. Пікірталас өрбіту кезінде сыпайылықтан аспау, Исламда ізгілік этикасы болып табылады. Адамзат мақтанышы ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Раббысынан алған тәрбиесімен мұсылман, християн, яһуди деместен барлық адамға құрметпен қарай білді.
Соңғы кездері сан ғасырдан бері бейбітшіл бағытты ауытқусыз насихаттап келген асыл дінімізді лаңкестік, экстремистік сияқты небір жағымсыз ұйымдармен байланыстыратын жалған пікірлер пайда болуда.
Сондай-ақ Тәуелсіздігімізге мойынұсынбайтын, мемлекеттігімізге шүбә келтіретін дәстүрлі емес діни ағымдар көбейген. Әлбетте, мұндай діни экстремизмді қоздырушылар шынайы мұсылман емес. Діни экстремистер мен деструктивтітоп мүшелері, Ислам дінінде тыйым салған көптеген әрекеттерге барады. Негізінде Ислам еш уақытта адам баласын бүлікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке шақырған емес. Керісінше, ол өзгенің ақысына қылдай қиянат жасамауға үйрететін үлкен тәрбиенің қайнар көзі.
Бүгінде бізге ауадай қажет құндылықтардың бірі ол – татулық пен бауырмалдық. Алла Тағала Құранда:
«Алланың жібінен (дінінен) мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер»
— деп мұсылман жұртшылығына бірлік пен ынтымақтықты бұйырады. «Тозған қазды топтанған қарға алады» — демекші, бірлік жоқ болса, бар байлығымыздан ажырап қалуымыз ықтимал. Адамзат тарихында қай жерде бірлік жоғалса, сол жерде жеңіліс болғанын көреміз. Өмірдің берекесі мен мерекесі де осы – бірлікте емес пе. Қандай жағдайда да ең әуелі ел бірлігін, жұрт тыныштығын барлық мүддеден жоғары қою қажет.
Қазіргі таңдағы Алла Тағаланың егемен елімізге берген ынтымақ-бірлігінің арқасында алған асуларымыз бен жеткен жетістіктеріміздің қадірін білгеніміз жөн. Тәуелсіздігіміз баянды, мемлекетіміздің тұғыры биік, еліміз марқайып, дініміз көркиіп, ел тыныштығы сақталып, байрағымыз көкте мәңгі желбіреп тұрсын десек, біздің бар тілек-дұғамыз татулық пен ынтымақ болуы тиіс. Алла Тағала жаны жайсаң, дархан халқымызды ынтымағынан ажыратпасын.
Олай болса, қадірлі қауым! Біздер де бір-бірімізге қамқор болып, дінаралық диалогты, достық пен сыйластықты құптай отырып, егемен еліміздің өркендеуі мен даму жолына бірлік қажет екенін дұрыс түсініп, кешірімділік пен қайырымдылық жолын ұстана білейік.
Шағалақ Мейрамбек Мұнайлы ауданы Баянды ауылдық мешітің найб имамы